Шымкентте 183 мың адам жер алуға кезекте тұр

608

Шымкенттің дизайн коды қандай? Бас жоспарға сәйкес, қала қалай дамиды? Осы және тағы басқа сауалдарға Шымкент қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбек жауап берді.

Басқарманың негізгі міндеттерін айтып өтсеңіз?

Біздің негізгі міндетіміз – сәулет және жер қатынастары саласындағы мемлекеттік реттеу. Қалада салынатын құрылыстан бастап, сәулет пен жер қатынасы саласында туындайтын мәселелерді реттейтін мемлекеттік орган. Басқарма 18 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Мұнда жерді рәсімдеуден бастап, сәулетін жоспарлау тапсырмасы, соңында мемлекеттік қабылдау актісін тіркеумен аяқтайды. Осы себепті біздің басқарманың жұмысы өте ауқымды. Сонымен бірге кәсіпкерлер мен тұрғындар ұсынысын қашан да басты назарда ұстаймыз.

Былтыр қаланың дизайн коды қабылданды. Бұл қолданысқа енді ме? Код қабылданған соң не өзгереді?

Қаланың дизайн кодын тапсырыспен орындап шықтық. Қазір сол кодтың жобасы дайын. Әр құжат бір нормативті құқықтық актімен бекітілуі керек. Сол бойынша Әділет департаментімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Бұл қалалық мәслихатпен бекітілетін құжат болған соң құжатты дайындап жатырмыз. Енді дизайн код дегеніміз не екеніне тоқталсам, бұл – қаланың сәулетін бір кейіпке келтіру. Көшеден бастап, кәсіпкерлік нысандарға дейін бекітілген дизайн кодқа сәйкестендіруіміз керек. Жарнамадан бастап, дүкендердің атауына дейін әртүрлі жасалған. Бұл қала сәніне кері әсерін тигізеді. Дизайн код бекітілген соң, барлық кәсіпкерлерге осы кодты сақтау бойынша тиісті нұсқамаларды түсіндіреміз. Барлық жарнама құрылғыларындағы мәтін осы дизайн кодта бекітілген шрифт негізінде жазылуы керек болады. Бұл өз кезегінде қала сәулетін қалыптастырады. Қазір, мәселен, Республика даңғылындағы барлық дүкеннің жазуы әртүрлі жазылған. Осынын бәрі бір тип негізінде жасалады. Болашақта барлық кәсіпкерді осы дизайн кодты сақтауға шақырамыз.

Бас жоспарға сәйкес қала Бозарық бағытына қарай дамып жатыр, қай жерлер мемлекет меншігіне алынады?

Қабылданған бас жоспарға сәйкес біздің даму бағытымыз да бар. Жоспарға сәйкес, қала солтүстік-шығысқа қарай дамып жатыр. Яғни, Тұран шағынауданы, Шымсити, Ипподром жаққа қарай дамитын болады. Бозарық-1, Бозарық-2, Солтүстік-шығыс деген шағынаудандарында қаланың сәулеті келіскен ғимараттың барлығы сол жақта салынады. Көпқабатты тұрғынүйлер, әлеуметтік нысандар, мектептер, балабақшалар, түрлі саябақтар салынып, қала сәулеті сол жақта жасалады. Осыған сәйкес, тиісті жұмыстарды бастадық. Әр сессияда бізге қаражат бөлінеді. Оның 90 пайызы жерді мемлекет мұқтаждығына алуға жұмсалады. Өздеріңіз білесіздер, қазір Д.Қонаев даңғылының жалғасы салынып жатыр. А2 трассасының құрылысы басталды. Инфрақұрылымды дамыту бойынша трасса үстіне түскен жерлер бар. Сол сияқты 15 шақырым жерде 2500-ге жуық жер телімін мұқтаждыққа алып жатырмыз. Бұл өте үлкен қаражат пен уақытты талап етеді. Д.Қонаев даңғылының 5-кезеңінің өзінде 167 тұрғын үй мемлекет мұқтаждығына алынады. Азаматтардың мүлкін алу қазіргі заңға сәйкес нарықтағы құнмен бағаланады. Бағалаушы компаниялар дербес, бізге бағынбайды. Азаматтың үйін, көпжылдық көшетіне дейін бағалап, бізге ұсынады. 90 пайызға дейінгі адамдар бізбен келісіп жатады. Келіспегендерді сот арқылы шешеміз. Биыл жаңа стадион құрылысы басталады. Сол құрылыс түсетін жерді де босатуымыз керек. Шымситиде үлкен саябақ салынып жатыр және қаламызда 3 айналама жолдың құрылысы қарастырылған. Осы жобаларға жер босату біздің міндет болмақ.

Жер берілмей жатқанын білеміз, алдағы уақытта кезекте тұрған адамдарға жер берілуі мүмкін бе?

Қаламызда 183 мың адам жер кезегінде тұр. Бұл өте үлкен ресурсты талап етеді. Біз қазір жер кезегін зерделеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Шымкентте 2002 жылы кезекке тұрған азаматтарға 2008 жылы ең соңғы рет Достық шағынауданынан жер берілген. Қазір жер кезегінің басы 2003 жылы тұрғандармен басталады. Бірақ қазір жер берілуге мүмкіндік жоқ. Қазір қаланың 80% аумағы жер үйден тұрады. Бұл мегаполис атына сәйкес келмейді. Бас жоспарға сәйкес 2030 жылға дейін көпқабатты тұрғын үй аумаған 80%-ға дейін жеткізуіміз керек. Яғни біз тұрғындарға жер бергеннен гөрі көпқабатты тұрғын үй санын көбейту мақсатында жұмыс істейміз. Сол себепті жер беру жоспарда жоқ.

Жер кезегін алып тастау жағы қаралып жатыр еді. Қалай болды?

Иә, бұл әлі талқыланып жатыр. Әлі үкімет қарауында, пысықталуда. Парламентке енгізілген жоқ. Еліміздегі үш мегаполисте жер кезегін алып тастау заңы қаралып жатыр. Нақты шешім әлі шықпады.

Заңсыз құрылыспен күрес қалай жүргізіліп жатыр?

Заңсыз құрылыстың екі бағыты бар. Оның біріншісі мемлекет жеріне салынған жеке тұрғын үйлер. Екіншісі, құжаты рәсімделмей салынған кәсіпкерлік нысандар. Заңсыз тұрғын үй салған азаматтар сол жерді заңдастыру үшін көмек сұрап келеді. Қолданыстағы заңға сәйкес тұрып жатқан үйге меншік құқығын тану сот шешімі арқылы ғана жүзеге асырылады. Сол себепті тұрғындарға барлық мәселе Жер кодексінің 167-бабына сәйкес жер қатынасынан туындайтын мәселе тек сот арқылы ғана шешіледі. Егер сол үйде 5-6 жылдан астам уақыт тұрған болса, сотқа талап арыз жолдауына болады. Сот шешіміне сәйкес әкімдік заңдастыру мәселесін қарайды. Ал қаламызда әлі де құжатсыз кәсіпкерлік нысан салатын кәсіпкерлер бар. Сол бойынша тиісті мониторинг жұмысын жүргізіп, айыппұл салып жатырмыз. Былтырмен салыстырғанда биыл азаматтар заң нормасын сақтауды үйренген. Ірі көлемде айыппұл төлеген соң азаматтар да түсініп жатыр. Заңсыз құрылысқа 600 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады.

Заңсыз салынған құрылысты бұзу, жұмысын тоқтату сынды жағдай бола ма?

Иә, сондай жағдай болып тұрады. Себебі айыппұл салған соң ол азаматқа жұмысын реттеуге уақыт беріледі. 3 айдың ішінде құжатын сәйкестендіріп алуы керек. Егер ол жер сәйкестендіруге келмейтін жер болса, бақылау басқармасы арқылы сотқа талап арыз беріп, оны бұзу мәселесін қарастырамыз. Бұл жерде де айтарым, мұны да сот шешеді. Қазір қалада бұзылуға жататын бірнеше ғимарат бар. Сот шешімі шыққан соң, сот орындаушылар бұл іске кіріседі. Сондықтан бұл материалдық шығыны көп болған соң, адамдар не салса да әуелі құжатын заңдастырып алуы керек болады.

Бас жоспарда қаланың жайлы ортасын дамытуға қаншалықты көңіл бөлінген?

Қалада саябақ, жасыл желек нормативке сәйкес келмейді. Былтыр бас жоспарды жасаған мекеменің есептеуінше әр азаматқа 3,14 шаршы метрден келіп тұр. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Яғни, 5 есе төмен. Сондықтан бас жоспарда мыңдаған жер телімі көгалдандыруға, саябақтарға қаралды. Қала бюджетіне қарай бұл жұмыс атқарылады.

Қаланың қай бөлігінде тарихи келбеті сақталады?

Мәдениет басқармасымен бекітілген тарихи ғимараттар бар. Соларға тиспейміз. Қаламызда Ескі қалашық деп аталып кеткен аумақ бар. Д.Қонаев даңғылының жаны, Қошқарата өзенінің бойы, Шымкент плазаның артқы жағы мен Тәуелсіздік саябаққа дейінгі жердің бәрінде қаланың 2 мың жылдан астам тарихы бар. Қаланың тарихи бейнесін сол жақта сақтаймыз. Инвесторлар келетін болса, сол жақты ұсынамыз.

Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР

фото gov.kz сайтынан алынған