Шымкентте екі шенеунік жазаланды

0

(Фото: pixabay.com)

Шымкентте Қаратау ауданы әкімінің орынбасары мен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары жауапқа тартылды. Лауазымды тұлғалар жолдарды күтіп ұстау жөніндегі заңнама талаптарын сақтамаған.

Бұл фактіні Қаратау аудандық прокуратура мониторинг жұмыстары нәтижесінде анықтаған.

Қалалық прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр жергілікті атқарушы органмен жол жөндеу жұмыстарына  бюджеттен 549 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның ішінде  ағымдағы жөндеуге кеткен қаражат 84 миллион 574 мың теңгені құрайды. Бірақ жолдар мен көшелерді тазалау жұмыстары, оның ішінде ішкі аумақтар мен тротуарлар, сондай-ақ шұңқырлау жұмыстары жүргізілмеген.

Аталған фактілер бойынша қос шенеунікке Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 631-бабымен екі хаттама толтырылып, мемлекет кірісіне 36 920 теңге көлемінде айыппұл өндірілді.