(Фото: Түркістан облыстық ПД)
Шымкент қаласы мен Түркістан облысының Созақ ауданы аумағында Қызыл кітапқа енген жануарлар мен құстарды заңсыз аулады, сондай-ақ дериваттарды сақтап және сатты деген күдікпен қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Мемлекетке келтірілген шығынның алдын ала есептелген көлемі 1 миллиард теңгеден асады.
Облыстық Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 7 адамды ұстады. Олардың төртеуі Қазақстан, ал қалған үшеуі елімізде тұруға ықтиярхаты бар Сирия азаматтары.
«Тінту барысында олардан 382 ақбөкен мүйізін, 119 томаға, 20-дан астам құс ұстауға арналған тұзақ, 7 рация, аңшылық мылтық, 1 пневматикалық мылтық, оптикалық көру құралы, жарықтандырғыш, бинокль, шамамен 15 келіге жуық арқар еті және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді»,-деді Полиция департаментіндегілер.
Браконьерлік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.