Телефонға телміру — жүкті анаға да, балаға да зиян

44

Дәрігерлер балалар арасында аутизм ауруының белең алуына бір себеп – гаджетті шектен тыс қолдану дейді. Қимыл-қозғалыссыз телефон экранына ғана қарау – бала миының жетілмей қалуына себеп болмақ. Ал телефонға телмірудің жүкті әйелдер денсаулығына салдары қалай?

Гаджет баланың психикасын өзгертіп, ой-санасының дамуын бәсеңдетеді. Салдарынан аутизм ауры туындайды. Бұл туралы балалар емдік дене шынықтырушысы, реабилитолог Нұржан Шайырбеков айтты. Оның сөзінше қазір балалар арасындағы аурулардың белең алуының бірден-бір себебі гаджетті шектен тыс қолдануы.

Нұржан Шайырбеков, балалар емдік дене шынықтырушы, реабилитолог, логопед-дефектолог: «Телефон кішкентай ғана экран, бала зейіні сол экранда ғана болады да қасында ешкіммен байланысы болмайды. Сонда баланың миы тоқтап, аутизм, ЗПР, ЗРР,  аурулары туындайды».

Нұржан Шайырбеков аяғы ауыр әйелдерге телефонға көп үңілмеуге кеңес береді. Бұл іштегі баланың дамуына кері әсерін тигізеді екен. Дәрігер жаңа туған балалар арасында сарғаю синдромы көбейіп жатқанын айтты. Мұны дер кезінде емдемесе, билирубин қан сарысуы қатты жоғарылап, миды улайды. Бұл да бала миының дамуына әсер етуі мүмкін деген маман сарғаю синдромының көбеюіне ана мен баланы перзентханадан ерте шығарып жіберу де себеп дейді.

Бала ағзасының дамуына дұрыс тамақтану да аса маңызды рөл атқарады. Диетологтардың сөзінше көше тағамдарын жиі тұтыну баланың есте сақтау қабілетін төмендетеді.

Лаура Байқонысова, ОҚМА гигиена және эпидемиология кафедрасының аға-оқытушы, магистрі: «Чипсы, фаст-фудтар, жартылай тағамдарды пайданалу созылмалы ауруларға әкеліп соғады. Бірінші кезекте асқазан-ішек жолдарының бұзылысы, келесі зат алмасудың бұзылысы нәтижесінде қант диабеті, семіздікке әкеліп соғады. Балалардың оқуға деген үлгерімі төмендеп, зейіні қашады. Осының бәрі баланың дұрыс тамақтанбауынан болады»

Лаура Байқонысова күнделікті ас мәзірі әр түрлі болу керектігін түсіндірді. Ол ағзаға қажетті витаминге бай тағам түрін көп қолдану денсаулық үшін маңызды екенін жеткізді. Ол күнделікті тұтынатын ас құрамында көмірсу, ақуыз, май болу керек деп кеңес берді.

Мадина Нариман