Үшемге Мырзахмет, Нұрмаханбет, Дінмұхаммед есімдері берілді

164

Шымкентте тағы бір үшем дүниеге келді. Мерзімінен бұрын дүние есігін ашқан сәбилерге 1 ай бойы перзентхана дәрігерлері күтім жасаған. Ал бүгін шексіз қуанышқа бөленген отбасы үш нәрестені үйіне шығарып алып кетті. 

Шымкентте үшем дүниеге келді. Бұған дейін 2 балаға өмір сыйлаған Айгүл Тұңғыш енді көпбалалы ана атанды. Кесір тірігі арқылы босанған 23 жастағы келіншек жүктіліктің ауыр өткенін айтады. Сондықтан оған көп дәрігер аман қалу мүмкіндігінің аз екенін айтыпты. «Алайда қалалық перзентхананың ақ халаттылары сәбиімді дін-аман қолыма ұстатты» дейді, көпбалалы ана.

«Бұған дейін барған перзентханалар, дәрігерлерім жауапкершіліктен бас тартып, балаларың өмір сүрмейді, өзіңнің өміріңе қауіп төнеді деді. Алайда осы қалалық перзентханаға 12 сәуір күні келгенбіз. Дәрігерлер баланың өкпесін ашып, миын дамытатын дәрі салды. Ал 15 күні ота жасады. Бұл жерде барлық дәрігер жақсы болады, аман-есен босанасың деген қолдауының арқасында, өмірге деген шабытым оянды. Соның арқасында қорықпай үшемімді дүниеге алып келдім. Аллаға шүкір! Осы кісілердің арқасы. Еңбектері жана берсін», — дейді үшемнің анасы Айгүл Тұңғыш.

Әбен Садықов тағы ұлды болсам, пайғамбардың атын қоямын деп өзі уәде берген екен. Сондықтан отбасын қуанышқа бөлеген үш жігітке әкесі Мырзахмет, Нұрмаханбет, Дінмұхаммед деген есім беріпті.

«Қуаныштан не айтарымды білмей тұрмын. 1 қызым бар еді. Алла бірінің артынан бір 4 ұлды берді. Енді ұлды болсам, Мұхаммед деп қоямын деп едім. Алла соған үшеу қылып берді ме? Аттарын Мырзахмет, Нұрмаханбет, Дінмухаммед деп қойдым. Еліне адал қызмет ететін ер болсын», — дейді үшемнің әкесі Әбен Садықов.

Бүлдіршіндер туған кезде 2 келіге жетер жетпес салмақта болған. Сондықтан дәрігерлер қатаң бақылауға алып, жағдайы жақсарған соң ғана үйіне шығаруды жөн көріпті.

«Бұл кісінің жоспарлы түрде операциялық жолмен босандырған болатынбыз. Үш ұл босанды. Олардың бірінің салмағы — 1580 грамм болса, екіншісі — 1640, үшіншісінікі  — 1610 грамм болып туған. Басында жансақтау бөлімінде жатты, кейін патология бөліміне ауыстырдық. Дәрігерлердің қатаң бақылауында болып, жағдайы жақсы болған соң шығарып жатырмыз», — дейді Шымкент қалалық перзентхана бас дәрігерінің орынбасары Перизат Әмірова.

Айта кетейік, жыл басынан бері қалада 10 913 сәби дүниеге келген. Оның 5 579-ы ұл болса, 5 334-і қыз. Егіздердің саны 107-ге жетсе, айтулы мерзімде өмірге келген үшемдер саны осымен төртеу болды.