Шымкент қаласындағы ситуациялық орталықтың ашылғанына 4 жыл болды. Осы уақыт аралығында 109 бірыңғай нөміріне 760 мыңға жуық арыз-шағым мен кеңес келіп түскен. Жауаптылар порталға келіп түскен шағымдарға сараптама жасады. Сонымен, мәселе көтеруде қай ауданның тұрғындары белсенді? Қайсы мекемеге қатысты түсетін арыз көп? Тұрғындардың өтінішіне бей-жай қарайтын басқарма қайсы?
Шымкентте арыз-шағым ең көп түсетін аудан белгілі болды. Көшті 700-ден астам арызбен Абай ауданының әкімдігі бастап тұр. Бұл жыл басынан бері тек 109 орталығына түскен шағымдар саны ғана.
Азат Әміртаев, 109 ситуациялық орталығының басшысы: «Арыз-шағым ең көп түсетін аудан әкімдіктерінің тізімін жасағанбыз. Шағым ең көп түсетін Абай ауданы әкімдігі. Оның да өз себебі бар. Себебі, Абай ауданында елді мекендер көп. 2024 жылдың алғашқы тоқсанында 712 арыз-шағым түсіп отыр. Ал ең аз түсетін Еңбекші ауданы әкімдігі. Бұл ауданның орналасуына да аумағына да байланысты мәселелер»
Айта кетейік, орталыққа жергілікті мекемелердің жұмысына да шағымдар көптеп түседі. Орталық басшысы бүгінгі брифингте тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағымдарға бей-жай қарап, тіпті мәселеге мүлдем жауап қатпайды деген басқармаларды да атады.
Азат Әміртаев, 109 ситуациялық орталығының басшысы: «Біз жұмысын сапасыз орындайтын 5 мекемені атап өттік. Олар: 1.»Ветеринариялық қызмет» мекемесі. 2. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. 3.»ABM-Building 2007″ ЖШС-і. Яғни, аула ішіндегі жарықтандыру жұмысын жандандыратын, қайта қосатын мекеме. Одан кейін энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы. Кейіннен құрылыс басқармасы тұр. Бұл өздерінің саласы бойынша жауап бермей жатқан мекемелер»
Бірыңғай орталықтандырылған порталда енді басшылардың да қызметін бағалауға болады. Еске сала кетсек, 109 ситуациялық орталығы 2020 жылы іске қосылған. Осы уақыт аралығында мекемеге тұрғындар тарапынан 760 мыңға жуық арыз-шағым мен кеңес келіп түскен.