Әл-Фараби ауданында былтыр кәсіпкерлер 86 млн. теңгенің электронды шот фактурасын кешіктіріп жазған. Сондықтан мамандар ескерту жіберіпті. Егер биыл бұл әрекет қайталанса, айыппұл санылатынын айтады.
Әл-фараби ауданында электронды шот фактураны кешіктіріп жазған шағын кәсіпкерлік субъектісіне 1 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Мамандар бұл Салық кодексіне сай негізгі айып соммасының 50 пайызы екенін айтады. Бизнес иесі 1 жыл ішінде 32 ЭШФ-ны уақытында жазбаған көрінеді.
«Шағын кәсіпкерлік 32 шот фактураны кешіктірген. 2 362 000 теңге айыппұл салынған. Егер оны 10 күн ішінде төлейтін болса, 50 пайыздық жеңілдікпен 1 181 000 теңге төлей алады. Ары қарай кешіктіріп жатса, айыппұл болып тұра береді. Есеп шоттарына бұғат салынып, ақшаны өндіру жұмыстары жүргізіледі», — дейді Әл-Фараби аудандық МКБ салықтық әкімшілендіру және камералдық мониторинг бөлімінің басшысы Нұрмұханбет Сейітқұл.
Мемлекеттік кірістер басқармасы мамандарының сөзінше заң аясында электронды шот фактураны ақша айналымы жүрген сәттен бастап, 20 күннің ішінде жазу керек. Егер мерзімі сақталмаса әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс негізінде шара көріледі. Дегенмен оның да өзіндік шарттары бар.
«Біріншісінде шот фактураға ескерту жасалады. 1 жыл ішінде қайталанса шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 20 АЕК , орта кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады», — дейді Әл-Фараби аудандық МКБ салықтық әкімшілендіру және камералдық мониторинг бөлімінің басшысы Нұрмұханбет Сейітқұл.
Айта кетейік, Әл-Фараби ауданы бойынша электронды шот фактурада 2022 жылы 110 млн теңгені уақытынан кешіктіріп көрсетсе, бұл көрсеткіш 2023 жылы 86 млн. теңгені құрады. Осы салаға жауапты бөлім басшысы көбіне бизнес иелері аталған құжат түрін өткізуді ұмытып кететінін айтады. Сондықтан ескерту жіберілген.