10 мың литрге жуық заңсыз алкоголь өнімі тәркіленді

0

Шымкентте заңсыз спирттік өнім шығарумен айналысқан 5 цех анықталды. Олардан 10 мың литрге тарта алкогольді өнім тәркіленді. Қазір құқық бұзушылардың ісі сотта қаралып жатыр.

Жыл басынан бері 10 мың литрге тарта жасырын алкаголь өнімі тәркіленген. Оны тұрғындар өз үйлері мен қоймаларында заңсыз түрде өндірген көрінеді. Мамандар мұндай тауар түрлері тексерілмегендіктен денсаулыққа зиян тигізетінін айтады. Қазір осы бойынша анықталған 5 жайттың, 4-еуі сотқа жолданды.

«Қылмыстық істер бойынша 9900 спирт, 14 мың бөтелке анықталды. Жасырын цех дейміз ғой. Спиртті гараждарда, қораларда санитарлық талапқа сай келмейтін жағдайда жасаған. Арақ онсыз да денсаулыққа зиян болса, оны заңсыз өндіргенде одан сайын зиян болады. Сондықтан қылмыстық іс бойынша химиялық сараптама жүргіземіз. Мемлекеттік стандартқа сай келмейді», – дейді Шымкент қаласы бойынша ЭТТД басшысының орынбасары Алмас Манатұлы.

5 айдың ішінде экономикалық тергеп-тексеру департаменті 57 қылмыстық істі анықтады. Қазір оның 35-і аяқталған. Олардың ішінде ең көп тіркелгені:

«Жалған шот-фактура жазу – 8;
Салықтан жалтару – 7;
Сеніп тапсырылған мүлікті жымқыру – 6;
Заңсыз ойын бизнесімен айналысу – 4;
Қаржы пирамидасын құру – 3»

Мамандар мұндай құқық бұзушылыққа барған азаматтарға 2 мың АЕК көлемінде айыппұл салынатынын айтады. Сонымен қатар, заңсыз бизнес жасап, тапқан тауарларын тәркілеу жұмыстары жүргізіледі.

«Залал келтірген кездегі сатып алған мүлкін, мүлікті сатып алған кезде ол ақшаны қайдан алғанын анықтап, анализ жасаймыз. Ол сатып алған заттарды заңсыз жұмыс арқылы сатып алған болса, оны дәлелдесек тыйым саламыз. Ол содан кейі сот шешімімен мемлекет меншігіне өтеді» , -дейді Шымкент қаласы бойынша ЭТТД басшысының орынбасары Алмас Манатұлы.

Айта кетейік, анықталған қылмыстар бойынша мемлекетке 6 млрд. теңге көлемінде залал келтірілгені белгілі болды. Оның қазір 4 млрды өндірілген.