6 баланы қинады деп күдіктелген адам мәжбүрлеп емделуге жіберілді

36

6 баланы қамқорлығына алып, оларды қинады деп күдікке ілінген адамға психиатриялық мәжбүрлеп емдеу шарасы тағайындалды. Сотқа сезіктінің үстінен 2 бап бойынша іс қозғалған еді. Алайда ол қылмысты жасаған кезде ес-түссіз жағдайда болғанына байланысты, жауапкершіліктен босатты.

Асырап алған 2, қамқорлыққа алған 4 баланы қинады деп күдікке ілінген емші бұрын адам өлтірген болып шықты. Бүгін сот балаларға зәбір көрсетті деген ер адамға қатысты қаулы шығарды. Елге емшілігімен танылған өгей әке қылмыстық жауаптылықтан босатылып, оған мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу шарасы тағайындалды.

«Сот ҚҚ 140 бабы ҚК-нің 140-бабының 2-бөлігі (балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау), ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің 1) ,2) тармақтары (азаптау) бойынша істі, ҚК-нің 16-бабына сәйкес У.Смановты қылмыстық жауаптылықтан босатып, оған мамандандырылған психиатриялық стационарда емдеуге мәжбүрлеу түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындады», — дейді Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Болат Қарабаев.

Сот сараптамасына сәйкес айыпталушы созылмалы, психикалық аурумен ауыратыны анықталған. Яғни ол, өз іс-әрекеттерін жасау кезінде ес-түссіз жағдайда болған көрінеді. Ал қалалық балалар омбудсмені осы жағдайдың бәрін көре тұра ешқандай шара қолданбаған емшінің әйеліне қатысты да із қозғау керек деп санайды.

«Сандырақ синдромымен ауырады деп эксперттер қорытынды беріп жатыр. Алайда 1995 жылдан бастап қәзіргі заң аясында қылмыс жасап, өзінің ауруын пайдалана отырып, бұл жауапкершіліктен де құтылып отыр. Ал Смановтың әйелінің үстінен біз арызданамыз, себебі ол ауру емес. Ол балаларды ұрғанын, денедегі жарақаттардың бәрін көре тұра, балаларға жөнді қарамағаны бойынша, қылмыстық жазаға тартылуы керек. Ол бойынша өзім бала құқығы жөніндегі уәкіл ретінде міндетті түрде прокуратураға арыз жіберем», — дейді Шымкенттегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жанетта Жазықбаева.

Процесс барысында сезіктінің 1995 жылдан бастап, шизофрениямен ауырғаны белгілі болған. Алайда арнайы есепке алынбаған көрінеді. Ал күдіктінің қорғаушысы бала асырап алуға қатысты құжаттарды тексеру үстіртін жүргізілген болуы мүмкін деп отыр. Адвокаттың сөзінше алты рет үйленіп ажырасқан емшінің қамқорлығына бала берілер тұста, мамандар тіпті болашақ ата-анамен барып сұхбат жүргізбеген көрінеді.

«Өзі де, әйелі де сотталмаған деген қағаз өткізген. Білім басқармасы соны қабылдаумен ғана шектелген. Алайда үй жайына барып тексерілмеген. Қандай жағдайда тұрады? Балаларды асырап алған соң, асырай ала ма? Қандай адам? Барып көршілерінен ешқандай сұхбат жасалмаған. Оны білген себебіміз, айыпталушы бірнеше рет үйленген. Жүйке ауруына байланысты ажырасып кеткен. 6 рет үйленіп, сол бойынша ажырасқан екен», — дейді күдіктінің заңгері Ибадулла Нұрманов.

Білім басқармасының өкілдері 2024 жылдың басында күдіктінің үйіне тексеріс жасап, балаларды бір күннің ішінде алып кеткенін айтады. Ал өгей әке бірнеше рет басқарма қызметкерлерінің үстінен арыз жазған көрінеді. Ал баланы тапсырар кезде жүргізілген жұмысқа қатысты жауапты мамандар «біз, барлық тиісті құжаттарды заң шеңберінде тексердік» деп отыр.

«6 баланы да базадан таңдаған. Базадан тест өтіп, бала асырап алу бойынша жолдамасын алған. Содан кейін бала тәрбиеленіп жаткан мекемеде баламен 14 күн байланыс жасаған. Байланыс жасап тиісті құжатын бәрін ұсынғаннан кейін, заң талаптарына сәйкес басқарма қызметкері тиісті түрде құжаттарын рәсімдеген. Бұл кісіге қамқоршылыққа Шымкент қаласынан 1 бала берілген. Қалған 2 баланы Астана қаласынан, 1 баланы Алматы қаласынан алып келді. Сонымен қатар, тағы 2 баланы Өскемен қаласынан алып келді», — дейді Шымкент қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Нұрдаулет Абылай.

Асырап алған балаларын азаптап, тіпті ит пен мысықтың етін жегізді деген өгей әкенің үстінен 1993 жылы адамды абайсызда өлтіріп алу бабы бойынша іс қозғалған. Ол кезде де психикалық ауытқушылығына байланысты іс дәл осылай тоқтатылған екен.

Айта кетейік, судья білім басқармалары мен полиция департаментіне балаларды психикалық аурумен ауыратын адамның қамқорлығына беру фактісі бойынша 6 жеке қаулы шығарды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.