700 мың теңге пара алған «Ең адал полицей» 7 жылға сотталды

72

Шымкентте атышулы істің біріне бүгін нүкте қойылды. «Ең адал полицей» атанған Азамат Айымбетов 7 жылға сотталды. Экс-полицей «қорқытып пара алды» деген айып бойынша кінәлі деп танылды. 

Шымкентте атышулы сот процесі аяқталды. «Ең адал» полицей атанып кеткен Азамат Айымбетов 7 жылға сотталды. Ол «қорқытып пара алды» деген айып бойынша кінәлі деп танылды

Аинель Орақбаева, Шымкент қ. қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы: «Айымбетов Азамат Ибрагимұлы ҚК 366 бабы 3 бөлігінің 1 тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған мемлекеттік қызметтер мен судья қызметін, жергілікті өзін басқару органдарында, ҚР ұлттық банкінде және оның ведомстваларында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау, қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда, және мемлекеттік сектор субьэктілерінде, лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Айымбетовке жазасын қылмыстық атқару жүйесі орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленсін»

Бүгінгі сот отырысында да экс — полицей өзін түсіруге рұқсат бермеді. Өткен сот процесінде айыпталушы Айымбетов 700 мың теңге көлемінде пара алғанын мойындап еді. Алайда, қорқытып үркіту фактілерінің болғанын жоққа шығарған. Айыпталушы тарап бүгінгі үкіммен келіспейтінін және аппелияциялық шағым түсіретіндерін айтты.

Талғат Есімов, А.Айымбетовтың адвокаты: «Мен Айымбетовтың қорғаушысы ретінде үкіммен мүлде келіспеймін. Өйткені сотқа дейінгі тергеу амалдары бойынша пара берушіге де «пара беру» жөнінде іс қозғалған. Егер де Айымбетов қорқытып пара алса, онда пара берушіге іс қозғалмас еді. Яғни бұл жерде соттың квалификациясы дұрыс емес деп есептеймін. Біз міндетті аппелияциялық шағым түсіреміз»

Сот отырысында осы іске қатысы бар деген тағы 2 азаматқа қатысты үкім шықты. Пара алушы Айымбетов пен пара берушінің арасында делдал болған адамға 7 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Тергеу барысында «қылмысты» жасырып, жалған куәлік етті деп айып тағылған іске қатысты үшінші адам да жазасыз қалған жоқ.

Аинель Орақбаева, Шымкент қ. қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы: «Екінші адамға қатысты яғни, делдал болған адамға ҚК 368 бабы 1 бөлігі бойынша оған 10 еселенген пара мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды. Бұл 7 млн. теңге. Және үшінші адам Айымбетовтың пайдасына жалған айғақ бергені үшін кінәлі деп танылды. Оған сыбайлас жемқорлық және ауыр қылмыс деген айып тағылды. Бірақ сот оның сыбайлас жемқорлық екенін білмегені үшін, тек қана «ауыр қылмысты жасырды» деген айыпты қалдырып, осы баппен кінәлі деп тапты. 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады»

Еске сала кетейік, 2021 жылы Азамат Айымбетов өзінің бастығының үстінен арыз жазып, 2022 жылы мемлекет басшысына үндеу жолдаған еді. Ол жерде Бұқарбаевқа жасаған қымбат сыйлықтары туралы айтқан. Осы арыздан кейін экс полковник Мұхтар Бұқарбаев 7 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Осыдан кейін экс-полицей Азамат Айымбетов «адал полицей» атанып кетті.

Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Айыпталушы тарап 15 күн ішінде қайта шағымдана алады.