Шымкенттік ғалымдар бірнеше жыл зерттеу жүргізіп, сирек кездесетін дәрілік өсімдік түрлерін тапты. Олар Бәйдібек ауданындағы Қостұра тауының баурайындағы шөптердің қатерлі ісік жасушыларын жоятынын айтып отыр. Енді жабайы табиғат зерттеушілері өсімдіктерді фармокологияға енгізуді ұсынып отыр.
Тәттібек Жарқынбековтің емдік шөптерді зерттеп келе жатқанына 40 жылдан асты. Ол өсімдіктердің көптеген ауруға, соның ішінде қатерлі ісікке қарсы тұра алатынына сенімді. Ғалым басқа да сарапшылармен бірігіп сайын даладағы дәрілік шөптердің ерекше емдік қасиетін анықтады.
Тәттібек Жарқынбеков, ғалым: «Мысалы, Бәйдібек ауданында дермене өседі, ол дүниежүзінде өспейді. Мынау өсімдіктер де сондай, біздің Қостұрада өседі. Неге десеңіз, бұл жердің климаты басқаша. Ауа айналып өткен сайын шөптің қызуы күшейіп, оның тамырында, сабағында өте күшті минералды заттар пайда болады. Сол заттардан дәрі жинап, онкологиялық ауруларға, басқа ауруларға беріп жатамыз»
Бәйдібек ауданындағы Қостұра тауының баурайындағы табиғат пен құнарлы топырақ ерекше қасиеті бар өсімдіктердің өмір сүруіне әбден қолайлы. Мұны зерттеу нәтижелері дәлелдеп отыр. Ал, дәрілік шөп Оңтүстік Қазақстан университетінің зерханасында сынамадан өткен екен.
Жаһангір Хусанов, сынақ зертханасының меңгерушісі: «Біз бұл шөптерді сорғыш спектрометрде зерттедік. Нәтижесінде әртүрлі құрамдағы органикалық емес заттардың 10-нан астам элементін анықтадық. Зертхана «Ұлттық аккредитациялау орталығы» жүйесі бойынша аккредитациялаудан өткен. «Айлақ МП» белгісін пайдалануға мүмкіндігі бар. Яғни, біздің зерттеу қорытындысын әлемдегі 60-тан астам мемлекет мойындайды»
Зерттеу нәтижелері әртүрлі елдегі әріптестердің де қызығушылығын тудырып отыр. Олар тіпті бұл шөптерді фармокологияға енгізуді ұсынып отыр. Сондай ақ, мамандар емдік өсімдіктер өсетін аумақ қорғалуы қажет дейді. Айта кетсек, былтыр елімізде «Өсімдіктер әлемі туралы» жаңа заң қабылданған еді.
Азамат Әбуов, орман шаруашылығын және өсімдіктер әлемін пайдалану және дамыту басқармасының басшысы: «Бұл заң қабылданға дейін бізде басқа орман қоры және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан жерлерден тыс жерлерде өсімдіктер әлемі қорғалмайтын. Бұл заң қабылданғалы біз орман қорымен және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан тыс жерлердегі өсімдіктерді қорғауға мүмкіндік берілді»
Президент өз сөзінде біздің ғылым мен білім дәуірінде өмір сүріп жатқанымызды атап өткен еді. Қазақстанның өркендеуі үшін біз осы салалардың дамуына ерекше назар аударуымыз керек. Мемлекет басшысының сөзінше, тек шикізатқа сүйенетін елдің болашағы жоқ. Сондықтан да, елімізге ғалымдар, инженерлер мен өнертапқыштар қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Осы қиын кезеңде, барлық саладағы мемлекеттер арасындағы бәсекелестік шиеленіскен кезде, біздің еліміз экономиканың жаңа моделіне көшуді бастады. Біз әділ, инклюзивті және бәсекеге қабілетті экономика құруға кірістік. Оның негізінде ғылым мен инновация болуы керек. Жалпы, бұл бағытта жұмыс жүргізілуде. Ұлттық Ғылым және технологиялар кеңесінің отырысында мен бірқатар нақты тапсырмалар бердім. Барлық мәселелерді шешу менің тікелей бақылауымда. Қазіргі уақытта Парламентте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы қаралуда. Кеше Сенат оны бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл өте маңызды және көптен күткен құжат. Ғылымды басқару жүйесін жетілдіру қажет. Ғалымдарды әлеуметтік қолдау мәселесі ерекше маңызға ие. Сондықтан заңда ғылыми қоғамдастықтың мүдделері барынша ескерілетін болады»
Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда 400-ге жуық сирек кездесетін өсімдік түрі бар. Оның 38-і жоғалып кетудің нақ алдында тұр. Сондықтан да, мамандар табиғатқа зиян келтірмей, зерттеу жүргізіп, негіздеме беруге – міндетті. Адамзат үшін дәрілік өсімдіктер қажет, алайда биоалуантүрлілікке нұқсан келтірмеу де маңызды.