БАҚ қызметкерлері мерекесіне орай спартакиада өтті

41

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында спартакиада өтті. Жарыс Түркістан облысының құрылғанына 6 жыл толуына да арналды. Сайысты Облыстық қоғамдық даму басқармасы мен Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды. Журналистер спорттық бәсекеде өзара волейбол, шағын футбол, ләңгі тебу, үстел теннисі және арқан тартудан күш сынасып, жүлделі орындарға таласты.

«Отырар» телеарнасының футболшылары алғашқы ойынын Түркістан облысы баспасөз хатшыларынан жасақталған командамен өткізді. Тартысты ойынның екінші таймының аяқталуына 2 минут қалғанда «Отырардың» жас ойыншысы Нұрқожа Әсет қарсыластардың қақпасына гол салды.

Үстел теннисінен ептілігін көрсеткен «Отырар» телеарнасының операторы Мирас Әшенов төртінші орынды иеленді. Арнада бірнеше жылдан бері қызмет етіп келе жатқан әріптесіміз мықты қарсыластардың арқасында ойын тартысты өтті дейді.

Үстел теннисінен қыздар арасында өткен жарыста Рысгүл Досжанова «Turkistan» телеарнасының намысын қорғап, 1-ші орынды иемденді. Екінші орынды «Баспасөз хатшылары» командасының өкілі Фариза Табылдиева еншіледі. Үшінші орынды «Отырар» телеарнасының өкілі Шынар Оразова олжалады.

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне және Түркістан облысының құрылғанына 6 жыл толуына арналған Спартакиаданың салтанатында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысушыларды мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі.

Биыл спартакиадаға алғашқы рет қосылған ұлттық ойын- ләңгі тебуден «Turkistan» телеарнасының қызметкері Айдос Игіліков жеңіске жетті. «Жанубий Қозоғистон» газетінен Сабыржан Исаметов екінші орынға ие болса, «Баспасөз хатшылары» тобының өрені Төребек Байтасов үшінші орынды олжалады. Тартысты додада сапалы ойын үлгісін көрсеткен үздіктерге арнайы сертификаттар мен сыйлықтар табыс етілді.