«BI GROUP» компаниясы бес жылдықтың құрметіне Шымкентте жаңа аллея салды

36

Шымкенттегі саябақтар мен демалыс орындары тағы бір гүлзармен толықты. Демеушілер қаржысына шаһар қақпасынан «BIG Tulip» аллеясы ашылды. Қала күні қарсаңында пайдалануға беріліп отырған демалыс орнын арна тілшісі көріп қайтты.

Кезінде аялдама болған бұл маңай небәрі жарты айдың ішінде желегі жайқалған, саялы мекенге айналды. 10 мың шаршы метрден асатын аумаққа заманауи жарықтандыру шамдары, тербелмелі орындықтар мен ерекше дизайндағы шағын сәулеттік нысандар орнатылған. Гүлзарға «BIG Tulip» аты да кездейсоқ таңдалмаған екен.

Қайрат Қуанышбаев, «BI Group» компаниясының Шымкент қаласындағы басшысы:
«Негізі «BIG Tulip» аты кездейсоқ таңдалмаған. Шымкент қаласының символы — Қызғалдақ. Соған орай аллеяның кіре берісіне 5 қызғалдақтың букетін қойдық. Қала тұрғындары «Мен Шымкенттемін»,- деп, жасыл оазистің арасында демалып, күліп ойнап жүре берсін»

«BI Group» компаниясы шаһар қақпасында орналасқан бұл аллеяны қала күні қарсаңында шымкенттіктерге сыйға тартты. Ірі құрылыс холдингінің мегаполистің көркеюіне атсалысып жүргеніне биыл 5 жыл толып отыр. «BI Group»-тың Шымкентке деген махаббатпен салған «BIG Tulip» гүлзары балақайлардың көңілінен шықты.

Дінислам Сапарәлі, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біз мына үйде тұрамыз. Ауламыздан саябақ ашылды. Бұрында бұл жер жаман еді, бірақ қазір парк ашылғаннан кейін, ойнайтын жер пайда болды. Інілеріммен ойнауға келеміз. Газон бар, таза ауа бар, әткеншек бар. Достарымды осы жерге ұялмай шақырып, ойнап жүре аламын»

Гүлзардың ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Ол Шымкентте гүлзарлар мен саябақтардың саны артатынын мәлімдеді. Мегаполис басшысы шаһарды абаттандыруға байланысты жұмыстардың жіті бақылауда болатынын да жеткізді.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Мына жер үлкен саябақ болыпты ғой, гүлзар емес. Аумағы үлкен. Бұрын бұл жердің қандай болғанын білесіздер ғой. Енді жай-жай саябақтар санын осылай көбейте береміз»

Айта кетейік, бүгінде Шымкентте 10 саябақ пен 47 гүлзар бар.