«Бір күндік клиника»: Жүкті аналарды скринингтен өткізу процесі жеңілдеді

30
фото Отырар.кз

Шымкент қалалық перинаталдық орталықта «Бір күндік клиника» жобасы қолға алынды. Мұнда болашақ аналар сәбиінің амандығына жүктіліктің ерте сатысында көз жеткізе алады. Соның арқасында мамандар Даун синдромы көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік туатынын айтады.

Бұл заманауи құрылғы жүктіліктің ерте сатысында баланың жай күйін білуге мүмкіндік береді. Мұнда ананың қанына анализ жасалып, жарты сағаттың ішінде шарана хромосомасында ауытқушылық бар-жоғын дәл анықтап береді. Мамандар жаңа қондырғылармен жұмыс істеу тәсілін арнайы орталықтан үйреніп қайтқанын айтады.

«Бұл аппаратпен Даун синдромы, Патау синдромы, Эдвардс синдромы анықталады. Бұрын бірнеше жерге барып, осы анализды тапсырса, қазір жарты сағатта біліп береміз. Бір күнннің ішінде бітеді. Бұрын 80-90 әйелдің келгенін күтіп, содан соң барып қан талдауына жіберетін едік. Қазір бәрі осында», — дейді дәрігер-генетик Гүлжан Сиқымбайқызы.

«Бір күндік клиника» орталығында шымкенттік келіншектер барлық керек тексеріс түрін 1 жерден өте алады. Атап айтқанда, мұнда жүкті аналар үшін веноздық қан тапсыру, акушер-гинекологтың кеңесін алу, ультрадыбыстық зерттеуден өту сынды қызмет түрлері қарастырылған.

«Біздің мақсатымыз — ана мен бала денсаулығын жақсарту. Осы орталық арқылы нәрестенің диагнозын ерте анықтаймыз. Содан кейін бейінді дәрігерлер, хирургтар кеңесін береді. Осылайша баланы аман алып қалуға бола ма, жүктілікті үзу керек пе? Шешім шығарылады»,- дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ана денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шәкизат Халықова.

Елімізде жылына 400 мыңға тарта нәресте дүниеге келеді. Статистикалық мәлімет бойынша оның 4 мыңы түрлі ақаумен туылса, 3%- генетикалық ауруға шалдығады. Сондықтан мамандар пилоттық жоба арқылы ана мен бала өмірін жақсартуды көздеп отыр.