Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні. Тәуелсіздігімізді айшықтайтын ұлттық символдарымызға биыл 32 жыл толып отыр. Мереке еліміздің түкпір-түкпірінде тойланып, түрлі іс-шара өтіп жатыр. Шымкенттіктер де бүгін бұл айтулы датаны тойлады.
4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Ұлттық символдарымызға биыл 32 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай бүгін мегаполисте Мемлекеттік рәміздер ұлықталды. «Тәуелсіздік» саябағында тәуілсіздігіміздің нышаны болған көк туымыз сән-салтанатпен көкке көтеріліп, әнұран шырқалды.
Мемлекеттік рәміздер күніне орай Шымкентте мерекелік жиын өтті. Салтанатты шарада әскерилер сап түзеп, ұлттық символдарымызды салтанатты түрде алып шықты.
Мемлекеттік рәміздерді қолына ұстап, оны салтанатпен алып шығу әскери қызметкерлер үшін үлкен мәртебе. Олар бұл сәтте кеудені ерекше патриоттық сезім кернейді дейді. Бүгінгі шарада көк байрағымызды ұстап шыққан Бекнұр Сатылхан «туымызды көтеріп жүру мен үшін құрмет» дейді.
Бекнұр Сатылхан, әскери қызметкер: «Бұл туды ұстаудың өзі маған бір құрмет. Өйткені мен Қазақстанның туын биікке көтеріп, артымнан шеруді ертемін. Бұл — мен үшін ең күшті сезім»
Бүгінгі мерекелік жиынға еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін жиналған. Барлығының қолында желбіреп көк байрағымыз. Осындай патриоттық атмосферада өткен салтанатты шарада қала тұрғындарынан бөлек, шетелдік азаматтар да болды.
Кайзер Штефан, турист: «Мен Қазақстанға Германиядан келдім. Маған бұл мемлекет, бұл жазық дала ұнап жатыр, адамдары да қонақжай. Әрине бұл қыран бүркіт пен күн бейнеленген ту да ұнады. Бүгінгі мереке ерекше атмосферада өтіп жатыр»
Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты. Шымкенттік әншілер патриоттық әндерді нақышына келтіре орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.