«Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр. Бүгін қала аумағындағы 6 орында дәстүрге айналған тазалық жұмыстары жүргізілді. Акцияға 1500-ға жуық мегаполис тұрғындары мен 150 техника жұмылдырылды.
Жаздың ыстығында шымкенттіктердің суға түсетін сүйікті орны — Қошқар ата өзені. Бүгін жұмыс күні екеніне қарамастан, мұнда келушілердің қарасы қалың. Туындайтын бір сұрақ, демалушылар тазалықты сақтап жатыр ма?
Келушілердің көптігінен өзен аумағында қоқыс тез жиналады дейді мамандар. Олар бұл аумақтың тұрақты түрде тазаланып тұратынын айтады. Бүгін де «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қошқар ата өзенінің бойында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Қала тұрғыны Маратжан Есімбековтың сөзінше, Қошқар ата өзені бұрындары «қоқыстың ордасы» болған. Табиғат жанашыры қазір жағдайдың біршама жақсарғанын айтады.
Маратжан Есімбеков, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұл «Қошқар ата» аумағы бұрын қоқыстың ордасы еді. Қазір енді «Таза Қазақстан» акциясы бойынша тазалыққа көбірек көңіл бөлініп жатыр. Қала тұрғындары, ақсақалдар, жанашыр азаматтар атсалысып жатыр»
«Таза Қазақстан» акциясы аясында тұрғын үйлердің ауласы да тазаланды. Экологиялық шара барысында ағаштар ақталып, қоқыстар шығарылды. Бүгінгі тазалық жұмыстарына жастар да белсене кіріскен.
Мадина Әбілқасым, ерікті жас: «Жастар негізі тазалықты сақтай бермейді. Оны қаладан байқауға болады. Қоқыстар жерде шашылып жатады. Жастар оған көңіл бөлмейді. Жастар қаламызды таза ұстау керек. Осы мәселемен жұмыс жасау керек»
Дәстүрге айналған тазалық жұмыстары қала аумағындағы 6 орында жүргізілді. Акцияға жалпы саны 150 техника мен 1500-ға жуық адам жұмылдырылған.
Жарылқасын Мәшбек, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқарма басшысының орынбасары: «Тазалық жұмыстары 5 ауданда және «Қошқар ата» өзенінің жағалауында, жалпы 6 локацияда жүріп жатыр. Әр орында 150-200 адам, яғни 1500-ға жуық адам жұмыс атқарып жатыр. Бұның ішінде еріктілер, ардагерлер, тұрғындар бар»
«Таза Қазақстан» акциясы дәстүрлі түрде апта сайын өтіп тұрады. Тазалықты мақсат еткен экологиялық шара аясында мегаполистің түкпір-түкпірі тазаланбақ.