Декларация тапсырмаса, не болады?

330
фото Отырар.кз

Елімізде 1 қаңтардан бастап декларация тапсырудың 3-кезеңі басталды. Мұны кімдер тапсырады? Декларацияны қашанға дейін тапсыру керек? Егер уақытылы тапсырмаса қандай жауапкершілікке тартылады? Салық кодексіне енгізілген өзгерістер қандай? Бұл сұрақтарға Шымкент қаласының Тұран ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Бауыржан Омартаев жауап берді.

Елімізде 1 қаңтардан бастап декларация тапсырудың 3-кезеңі басталды. Бұл кезеңді кімдер және қаламызда қанша адам тапсырады?

– Өздеріңіз білесіздер, жалпыға бірдей декларация 2021 жылдап бастап қолданысқа енгізілді. Оның бірінші кезеңінде мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген азаматтар тапсырды. 2023 жылдан бастап бюджет саласында жұмыс істейтін қызметкерлер және олардың жұбайлары тапсырды. Және де биылғы 1 қаңтардан бастап, 3-кезеңде жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары және заңды тұлғалар олардың басшысы, құрылтайшылары, олардың жұбайлары тапсырады. 3-кезеңді қаламыз бойынша 164 мыңға жуық жеке тұлға активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыруы керек. Қазіргі уақытқа дейін осы 164 мыңға жуық азаматтың 35%-ға жуығы тапсырды. Декларацияны осы жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыруы керек. Биыл Салық кодексіне біршама өзгеріс енгізілген. Естеріңізде болса, былтыр электронды түрде декларация тапсыру 15 қыркүйекке дейін, ал қағаз түрінде тапсыру 15 шілдеге дейін болатын. Қазір мерзім біріктіріліп, электронды түрін де, қағаз түрін де 15 қыркүйекке дейін тапсыру керек.

Декларацияны тапсырмаса не болады?

– Декларацияны тапсырмаған жағдайда мемлекеттік кірістер органдарымен тиісті салық есептелімнің табыс етілмегені туралы хабарлама жолдайды. Және әкімшілік құқық бұзушылықтың 272-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Бірінші ретке ескерту, егер бір жылдың ішінде қайталанса, 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Былтыр жеке тұлғалар тіркелген мекенжай бойынша декларация тапсырған болса, яғни жеке кәсіпкерлер тіркелген ауданға барып тапсыру міндетті болатын. Өзгеріске сәйкес бұның да тапсыру орны біріктірілді. Яғни жеке кәсіпкер Астанада болғанымен тіркеу мекенжайы Шымкентте болатын болса, декларацияны Шымкент қаласының 5 ауданының біріне табыс ету керек.

Декларацияны қалай тапсыратынын түсіндірсеңіз…

– Декларацияны тапсыру өте оңай. Бірінші кезекте мемлекеттік органдардың арнайы әзірленген мобильді қосымшасы бар. Жеке тұлғалар үшін esalyq.azamat деген қосымшада электронды цифрлы қолтаңба арқылы да тапсыруға болады және хабарлама арқылы да тапсыруға болады. Ол хабарламаны 1 минуттың ішінде аласыз, сол жерде декларацияны табыс ету батырмасын басып, тиісті нұсқаулықтарды орындау арқылы декларацияны тапсыруға болады. Қазір декларация тапсырып жатқан азаматтардың басым көпшілігі Мемлекеттік кірістер органдарының мобильді қосымшасын қолданып жатыр. Қазір қағаз түрінде тапсыратындар жоқ десек те болады. Осы тұста айта кетейін егер, декларация тапсыру жағынан түсінбеушіліктер болып жатса, 1414 колл орталыққа хабарласса, біздің мамандар көмектеседі.

e-salyq.azamat мобильді қосымшасынан басқа тағы қандай қосымшалар арқылы декларация тапсыруға болады?

– Екінші деңгейді банктердің мобайл қосымшалары арқылы тапсыруға болады. Және де egov арқылы да тапсыруға мүмкіндік бар. Немесе электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы салық төлеушінің кабинеті арқылы да тапсыруға болады. Бұл жайлы толық ақпаратты қалалық және 5 ауданның мемлекеттік кірістер жөнінде әлеуметтік желі парақшалары бар. Сол жерде барлық нұсқама толығымен көрсетілген. Қай қосымша арқылы қалай тапсыру жайлы қысқаша бейнероликтер де бар.

Декларацияны тапсырудың мақсаты не?

– Декларацияны тапсырудың басты мақсаты – көлеңкелі экономикамен күрес. Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу десек болады және де көлеңкелі табысты жарыққа шығару, азаматтарға әділетті салық төлету болмақ. Биыл жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалар, құрылтайшылары табыс ететін болса, келесі жылдан бастап 18 жасқа толған барлық азаматтар декларация тапсырады.

Декларация тапсырғанда жеке кәсіпкерлер қай жылға дейінгі мүлкін көрсетпеуге болады?

– 1 қаңтарға дейін атыңызға тіркелген, көлік, мүлік, жерді көрсетудің қажеті жоқ. Ол ақпараттың бәрі мемлекеттік кірістер органдарында бар. Уәкілетті органдардан жыл сайын салық салу бойынша бізге ақпараттар ұсынылып отырады. Және де екінші деңгейлі банктердегі несиелер, депозиттер жайлы да ақпартты көрсетудің қажеті жоқ. Ол қажет болған жағдайда кез келген банктен ақпарат алуға мүмкіндігіміз бар. Тек қана шетелдердегі тіркелген жылжитын және жылжымайтын мүлікті көрсету керек. Мынаны анықтап айтып өтейін шетел банктеріндегі 1 АЕК көрсеткіштен асатын сома бар есепшоттар жайлы ақпаратты көрсету керек. Егер 1 мың айлық есептік көрсеткішке толмайтын қаржы болса, оны көрсетудің қажеті жоқ.

Мұндай ақпаратты жасырып қалу мүмкін бе?

– Жоқ, жасыру мүмкін емес. Қазіргі таңда қаншама елмен меморандумға отырған антикоррупциялық қызмет бар. Сол себепті осы қызмет арқылы біз қажет болса ақпараттарды аламыз. Егер жасырып қалып, кейін анықталатын болса, жасырған сомасының 10%-ын салық ретінде төлейтін болады. Бәрібір соңында біз бәрін анықтаймыз. Сол себепті көрсетуге кеңес беремін.

250 мен 270 декларацияның айырмашылығы неде?

– 250 декларацияны енгізу барысында бір рет қана табыс етеміз. Одан кейін бұл декларацияны тапсырмайсыз. Ал 270 кірістер мен мүліктер жайлы декларация болғандықтан мұны жыл сайын жыл біткен соң көрсетіп отырамыз. Жыл біткен соң 9 ай уақыт болады. Сол уақыт аралығында табысты санап, сатып алған және сатып жіберген дүниесінің есебін декларацияда көрсетіп отыру керек.

Салық төлемесе, қандай жауапкершілік бар?

– Салықты уақытылы төлемеген жағдайда бізге камералық бақылау хабарламасы жолданады. Салықтық тексеріс жүргізіп, мәжбүрлеп өндіру болады. Егер салықты әдейі төлемей жүргені белгілі болса, табысты жасырғаны үшін айыппұл салынады. Және де мерзімінде төлемегені үшін тиісті өсімпұл жүріп отырады. Өсімпұлды ешкім алып тастамайды. Осындай кері әсері көп. Сондықтан салықты уақытылы төлеп отыруға кеңес беремін.

Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР