Ерекше жандар арнаулы әлеуметтік орталық жұмысына наразы

27
фото Отырар.кз

Шымкенттік бір топ ерекше күтімді қажет ететін азамат арнайы орталық қызметіне наразылығын білдіріп, арнамыздан көмек сұрады. Олар өздеріне тиесілі емді қажетінше ала алмай отырмыз дейді. Айтуынша мекемедегі мәселе бір бұл ғана емес.

Бір топ ерекше күтімді қажет ететін қала тұрғыны № 4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысына наразы. Олар мүгедек жандарға қолайлы жағдай жасап беруді сұрайды. Арыз иелерінің айтуынша мекемеде ем алуға кезегі келгенмен мұнда толық оңалту шарасын қабылдауға мүмкіндік қаралмаған.

«6 айда бір рет беріледі. Соны күтіп-күтіп уақытым келген кезде реабилитациядан өтейін десем, инватакси болмай қалады. Ол болса, мұнда жататын жері жоқ. Келіншегім кішкентай балалы. Мені шығарып салып, қайта кіргізетін жағдайы жоқ. Азанда алып келеді. 4-те инватакси алып кетеміз дейді. Еміңді ала да алмайсың. Массажымызды аламыз да, инватаксиде сақырлап қайтамыз. Жатып емделсек жақсы еді. Одан кейін тренажер аппараттары ескіріп кеткен. Серагемнің астындағы шариктері шығып кеткен, матрастары жыртылып кеткен», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Артур Аненов. 

Тұрғындар арызы негізінде орталық ішін аралап көрдік. Мамандар құрылғының бұзылғанын жоққа шығармады. Алайда олардың жөндеуден өткенін айтады.

«Бұл жұмыс істеп тұрған аппарат. Жақында жөндеуден өтті. Қазір жұмыс істеп тұр. Аппарат болған соң бұзылады. Ол қалыпты жағдай. Бұл техника, кейде техника істен шығады. Ол кезде 1 күн Серагем жұмыс істемеді. Ем алушылар кірген жоқ. Жабық тұрды», — дейді мейірбике Әсел Әбдірәсілова.

Оңалту орталығының негізі 2019 жылы қаланған. Жиналған халық 5 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан нысандағы құрылғылардың тозығы жеткен дейді. Сонымен қатар, нысан ашылғаннан бері осында жұмыс істеп келе жатқан мүмкіндігі шектеулі азаматтар басшылық тарапынан өздеріне қысым көрсетілгенін айтады.

«Мен жақында жұмыстан шықтым. Өйткені жұмысым директорға ұнамады. Өйткені мені мүгедек деп санады да, бұл жұмысқа жарамайды деп ойлады. Менің мамандағым дирижер-хоровик және әлеуметтік психолог. Соған қарамастан мен ұнамадым. Сондықтан мені өз еркіммен шығуға мәжбүр қылды. Кеткеннен кейін емделушлер хабарласып неге шығып кеттіңіздер деп іздеді. Жиналыста 20 шақты адам болды. Солардың көзінше айтты. Содан кейін дәлізде де намысыма тиетін сөздер айтатын. «Не киіп алғансыз. Дұрыс киінбегенсіз» деп тиіседі. Ол біледі менде тірек қимыл ауруы бар. Онымен өкшелі аяқ киім кие алмаймын. Бастысы мен өз жұмысымды тиянақты істесем болды емес пе? Менің киімімде тұрған не бар? Бұл ісі арқылы директор мен ғана емес, барлық мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қорлады деп санаймын», — дейді ІІ топ мүгедегі Гүлзира Молдашева.

«Осы жылы тағы демеуші тауып бер деп тапсырды. Менің құзырыма кірмейтін нәрсені мен неге істеймін? деп басшыға айтамын. 1 рет тауып бердім, екінші рет тауып бердім. Үшіншісінде енді ұят қой. «Маған неге айта бересіз. Пәленбай ақша адам басына мемлекеттен бөлініп жатыр ғой» деп қарсы шыққанда. «Мен сені қудалап жұмыстан шығартам» деді. Мен денсаулығыма байланысты 26-29 күндері емделуге шыққанмын. Жекеменшік емханаға қаралғанмын. 2 күнге емделу демалысына қағаз берілмейді деді. Анықтама әкелсем, ол жарамайды, лицензиясы жоқ дейді. Ине алған жерден анықтама әкелсем, акт толтырып, протокол толтырып, 2 күн бұрын жұмыста отырған жерімнен 4 полициямен сыртқа шыққанша солай алып жүрді», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Әскербек Оспанов.

Мекеме басшылығы қазір құрылғының барлығы толық жұмыс істеп тұрғанын айтады. Ескірген немесе бұзылған құралды келісімшарт негізінде қайта жөндеуден өткізіп жатқан көрінеді. Ал қызметкерлерді жұмыстан шығаруға қатысты мәселе заң шеңберіне сай атқарылды дейді директор.

«Парафин кабинетін көрсет деді Оспанов Әскербек. Оны көрсеттік. Барлық аппараттарымыз 100 пайыз жұмыс істеп тұр. Мүгедектігі бар азамат денсаулығына байланысы деп 1 емес 3 рет өтініш жазған. Басқа жерге денсаулығына байланысты жұмысқа кіре алмайтын шығар деп көрсеңізші дегем. Үшіншісінде денсаулығыма байланысты деп жұмыстан шықты. Ол кісі де Әскербек Оспановпен бірге бір кабинетте жұмыс істеген. Бәрі заң шеңберінде. Егер осылай жасады деп жатса сотта дәлелдеп беруге болады. Әскербекке «2 күн жұмыста болмадыңыз. Түсініктеме бермедіңіз» деп 4-ке жиналысқа шықарғанбыз. Ол уақытта келмеді. Ал полицияның келуі мен түсініктеме алумен 1 күнде болып қалды. Екеуінің бір-біріне қатысы жоқ негізі», — дейді №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Ақмарал Досбаева.

Айта кетейік, орталықта жылына 800-ден аса адам ем алады. Ал қазір 40-тан астам тұрғын орталық қызметіне жүгінген көрінеді. Ал арыз иелері, мәселемізге тиісті мамандар назар аударып, шешімі табылмайынша тоқтамаймыз деп отыр.