Есірткіге қатысы бар қылмыс санын азайту үшін қандай іс-шаралар жасап жатыр? Интернет алаяқтықты тоқтату үшін не істеу керек? Осы және тағы басқа сауалдарға Шымкент қаласы прокуротурасының мемлекеттік айыптауды қолдау және аппеляциялық сатыдағы істерге қатысу басқармасының басшысы Қуандық Айтпайұлы жауап берді.
– Қуандық Айтпайұлы, ең әуелі осы мемлекеттік айыптауды қолдау және аппеляциялық сатыдағы істерге қатысу басқармасының міндетіне не кіреді? Осыны түсіндіріп берсеңіз…
– Біздің басқарма сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілген жағдайда қылмыстық істер сотқа жолданғанда қылмыстық істерді мемлекеттік айыптауды қолдайды. Соттың шығарған үкіміне заңды баға береді. Және де сотталушының арыз-шағымын да қарайды. Мемлекеттік айыптау деген – қылмыстық істер дәлел жинап, қылмыскердің жасаған қылмысын дәлелдейді. Тек қана кінәсіз екенін ғана дәлелдейді демеймін, мемлекеттік айыптаушылар сол адамның кінәсіз екенін де дәлелдей алады. Яғни қылмыстық іске қатысып, оны толығымен зерделеп, сотта талқылап, заңды баға береді. Егер де істі боп жатқан адамның кінәсіне көз жеткізсе, мемлекттік айыптауды қолдап, айыптау үкімін шығаруға әрекет жасайды. Ал егер ол адамның әрекеті дәлелденбей жатса, ақтау үкімін сұрай алады.
– Ал жыл басынан бері прокурорлар қанша мемлекеттік айыптауға қатысты?
– Жыл басынан бері сотталғандарға қатысты 841 іске айыптау үкімі шықты. Соның ішінде есірткіге қатысты қылмыс түрі, интернет алаяқтыққа қатысты қылмыс түрі, ұрлық қылмыстары көбейіп тұр. Біз бұлардың санын азайтуға немесе қылмысты болдырмауға әрекет жасаймыз.
– Қылмыс саны көбейген бағыттың ішінде есірткіні айтып қалдыңыз. Осы бағытта прокурор не істеп жатыр? Қылмыс санын азайту немесе болдырмау үшін әрекет ету керек қой?
– Иә, есірткі бағытында қылмыс саны көбейді. Әсіресе жастар арасында белең алып барады. Өкініштісі, біздің жастар оңай жолмен ақша тапқысы келеді. Әсіресе студенттер. Оларға жарнама арқылы немесе телеграмм каналы арқылы ұсыныс көп келеді. Алғашында тек қана белгілі бір затты тасумен айналысасыз дейді. Яғни, курьерлік қызмет ұсынады. Жастар ұсталғанда біз бұл істің заңсыз екенін білмедік деп айтып жатады. Осы тұста ескерте кетейін есірткіге қатысы болса, ол жұмыстың заңды-заңсыз екенін біліп-білмейтіні назарға алынбайды. Бұл жағдай оны жауапкершіліктен босатпайды. Бірден қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Отбасым қиын жағдайға тап болды, ақше керек болды, жақындарымның еміне қаржы табу үшін осы іске амалсыздан бардым, деген жағдайлар да ескерілмейді. Яғни, кешірім болмайды. Білмей қалыпты, амалсыздан барыпты деп ол адамға бір рет ескерту де жасалмайды. Бұл іске жоласа болды, бірден қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осы жағдайды жастар арасында насихаттау үшін біз жоғары оқу орындарында түрлі кездесулер өткізіп тұрамыз. Соның бірі сәуір айында М.Әуезов атындағы ОҚУ-да көшпелі сот отырысын өткіздік. Зал толы студенттер қатысты. Ол жерде біз есірткі сақтаған және таратумен айналысқан 2-курс студентінің сотын өткіздік. Сол жерде сот та, прокурор да бәрі болды. Біз БАҚ өкілдерін де шақырдық. Ашық сот отырысы студенттерге өте қатты әсер етті. Арасында жылағандар да болды. Оны біз өз көзімізбен көрдік. Себебі өмірі енді басталып жатқан 2-курс студенті 11,5 жылға сотталды. Оған ешқандай кешірім болған жоқ. Сол себепті бұл жағдай басқа да жастарға сабақ болсын деп ашық өткізуге туралы келді. Біз осылай жасамасақ, есірткіні тасымалдау ісіне тартылған жастар көбейіп жатыр. Бұл дегеніміз – өте қиын жағдай. Телеграм, olx сынды жерлерде түрлі жұмыс ұсынған жағдайда бірінші анық-қанығын біліп алу керек. Есірткіні тарату бойынша 29 айыптау үкімі шықса, соның жартысынын көбі студенттердің қатысумен орын алып отыр. Президент жолдауында «Есірткінің ұлт денсаулығына үлкен зиян әкеліп тұрғанын және синтетикалық есірткіні өндіру мен таратуға қарсы күрес жалпы ұлттық деңгейде жүруі тиіс» деп айтқан болатын. Бұл бағыттағы жұмыс баяғыдан қатаң бақылауда. Бұдан кейін де одан әрі қатаяды.
– Бұл іспен айналысатын балалардың бойында қандайда бір өзгеріс бола ма?
– Әрине, болады. Есірткі тасымалдау, сақтау жұмысымен айналысқандар үнемі ойланып жүреді, уайым үстінде жүруі мүмкін. Және тез ашуланатын болады. Және де оның отбасы, жақындары, достары да қайда жүргенінен бейхабар болады. Сонымен бірге ол бала телефоннан бас алмай қалады. Оны да назарға алу керек. Осындайда ата-ана баласына жеткілікті көңіл бөлсе, әңгімелессе, не істеп не қойып жүргенінен хабардар болып отырса, бұл жағдай азаяр еді деп ойлаймын. Бұл жерде ата-ана жауапкершілігі де маңызды.
– Есірткі тұтыну да қылмыстық жауапкершілікке тартыла ма?
– Бізде жыл басынан бері 146 іс қаралған болса, соның 142 іс бойынша есірткі тұтынған. Яғни бұл басым көпшілігі болып тұр. Есірткіге масаң күйде болса, ол есірткі тұтыну бойынша жауапкершілікке тартылады. Ал енді есірткі затын тасымалдау бойынша қылмыс саны 29-ға көбейіп отыр. Есірткіні сақтау, тарату, тұтыну, тасымалдау бойынша әрекетіне байланысты бас бостандығынан шектеуден бастап, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына дейін тағайындалады. Егер адам есірткіні өзіне сақтап, өзі тұтынған жағдайда ғана бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалады. Егер басқаларға таратса, оның салмағы 1 граммнан асса, Қылмыстық кодекстің 297-бабына сәйкес аса ауыр қылмыс болып саналады. Егер өзі тұтыну да бір емес, бірнеше рет қайталанса, Қылмыстық кодекстің тармақтарына байланысты жазасы өзгереді.
– Интернет аляқтық бойынша жағдай қандай?
– Енді еліміз бойынша бұл іс көбейіп жатса, Шымкент қаласында интернет алаяқтық азайды. Бізде қазір телефон қайдан соғылып, хабарлама қайдан келіп жатқанын анықтайтын мүмкіндік бар. Сондықтан біршама жұмыс жүргізіліп, алаяқтық қылмыс азайды. Қазір есірткіні жарнамалау бойынша қылмыстық кодексте 2023 жылы жаңа бап болып бекітілді. Егер есірткі заттарын жарнамалайтын болса, бөлек қылмыс ретінде жауапкершілікке тартылады.
– Сұхбат соңында айтарыңыз болса…
– Айтарым, жастар болашағын ойласа екен. Бір сәттік жеңіл жолмен қаржы табуға елітіп, алдағы өмірін құртпаса екен деймін. «Есірткіні пайдаланбаңдар және күмәнді, көзі жетпеген заттарды тасымалдаумен айналыспаңдар» дегім келеді. Әр адамның болашағы – өзінің қолында. Егер мұндай жұмыс ұсынған жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабарласуын сұраймын. Есірткі бұл – зұлымдық. Оны бір рет қолданудың өзі қайтарымсыз салдарға алып келеді. Осыны естен шығармаса екен.
Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР