Кентаудағы жылу энергия орталығы толық жаңғыртудан өтеді. Оған биыл Үкіметтен 9 млрд. теңге қаржы бөлінді. Қазір жылу орталығында екі бірдей қазандық жөндеуден өтіп жатыр. Қосымша жаңа қазандықтар да орнатылмақ. Бұл жұмыстар жылыту маусымына дейін толық аяқтала ма? Биыл жалпы саны қанша қазандық іске қосылады?
1934 жылы іске қосылған Кентаудағы жылу электр орталығының әбден тозығы жеткен. Соңғы 11 жылда күрделі жөндеу көрмеген жылу орталығына биыл үкіметтен 9 млрд. теңге бөлініп отыр. Ал, облыстық бюджеттен 4 млрд. теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Бұл қаражатқа орталық толық жаңартылмақ.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Біздің қателесуге құқығымыз жоқ. Жылу орталығындағы жаңарту жұмыстары ерекше назарда. Басты талап – сапасы мен мерзімі. Осылар сақталуы тиіс. Тұрғындардың мүддесі қорғалып, жылудан мәселе туындамауы тиіс»
Өткен жылыту маусымында халықты әбден әбігерге салған жылу орталығында жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жаңа жылу маусымына 4 бірдей қазандық толықтай жаңадан орнатылады. Тағы екі қазандық күрделі жөндеуден өтіп, жаңартылмақ. Жөндеу жұмыстарының барысы облыс әкімінің тікелей бақылауында.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Мойындарыңызға алған жүкті аса жауапкершілікпен атқарыңыздар. Келісімшартта көрсетілген барлық талаптардың толық орындалуы тиіс. Қажетті қаражат толық қаралған. Біз өз тарапымыздан әрі қарай да барлық жағдайды жасаймыз»
Кеншілер шаһарына арнайы барған өңір басшысы тиісті жұмыстардың уақытылы аяқталу керектігін айтты. Жауаптылар алдағы жылыту маусымына дейін жұмысты толық аяқтап, тапсыруы тиіс.