Көлік салығын төлемегендердің есепшоты бұғатталып, мүлкі тәркіленеді

47

Көлік салығын төледіңіз бе? Міндетті төлемді өтемесеңіз асығыңыз, өйткені әрбір күн үшін өсімпұл есептеледі. Бұдан бөлек, Заңда көрсетілген бапқа сәйкес, қарыз берешегі жиналып қалған борышкерге қатысты сот орындаушы лицензиялар, рұқсаттар және арнайы құқықтар беруге уақытша тиым салу туралы ұсынысты сотқа жолдай алады.

Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының өндірістік емес төлемдер бөлімінің мамандары жеке сот орындаушыларымен бірге көлік салығын төлеуден жалтарған азаматтардың үйін аралап жүр. Мақсат қарыздарды өтеп алу.

Серік Қырықбаев, Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы: «Мына азаматтың 2 автокөлігі бар. Көлік салығын төлемеген, қарызы 822 мың теңгеден асып кеткен. Қазір міне жеке сот орындаушыларымен бірге рейдке шықтық. Өздеріңіз көргендей есікті ашпады. Міндетті төлемді өтеу бойынша ұйғарым бұл азаматқа алдын ала жолданған болатын. Алайда осы күнге дейін көлік салығын төлемеген. Қарызды өтеп алу үшін шара көреміз».

Қазақстан Республикасы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі» Заңының 37 бабы негізінде сот орындаушысы 40 еселенген айлық есептік көрсеткішке тең не одан асатын сомаға атқарушылық құжатттың талаптары орындалмаған жағдайды борышкер болып табылатын жеке тұлғаның, заңды тұлғаның басшысының ҚР шығуын уақытша шектеу туралы қаулы шығаруға міндетті. Заңның 34 бабы негізінде 250 АЕК қарыз берешегі жиналып қалған жағдайда борышкерге лицензиялар, рұқсаттар және арнайы құқықтар беруге уақытша тиым салу туралы, сондай ақ борышкерге бұрын берілген лицензиялардың, рұқсаттар мен арнайы құқықтардың тоқтата тұру туралы сотқа ұсыныс жолдайды.

Мария Ахметова, жеке сот орындаушысы: «Көп жағдайда балалары ата-аналарының атына көлікті жазып қояды. Ол кісілер тек шоттары бұғатталғанда ғана көлік салығы төленбегенін біледі. Балалары жұмыстарын істеп, бірі шетелде жүреді «.

Жеке сот орындаушылары борышкердің атынан ашылған екінші деңгейдегі барлық банктік есеп шоттарына прокурордың санкциясымен тыйым салуға міндетті екенін ескертеді. Естеріңізге сала кетейік, Әл -Фараби ауданында 62 690 көлік тіркелген. Міндетті төлемді өтемей жалтарып жүрген 6 892 көлік жүргізушінің берешегі 358 миллион 736 мың теңгеден асып кеткен.