Түркістанда Кореялық алпауыт қауымдастықпен тиімді келіссөз жүргізілді. Онда екі елдің мүмкіндігі айтылып, болашақтағы екіжақты байланыс мәселесі талқыланды.
Кореяның әлемге әйгілі алпауыт компанияларының басын біріктірген KITA қауымдастығының төрағасы Түркістанға келді. Олар екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін айтады. Сонымен қатар өңір кәсіпкерлігіне инвестиция құюды жоспарлап отырмыз дейді.
«Түркістан төрінде өзіңізбен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. KITA қауымдастығы туралы айта кетсем, бұл – Оңтүстік Кореядағы ең таңдаулы әрі алпауыт кәсіпорындар мен бизнес құрылымдардың басын біріктіріп отырған қауымдастық. Орта және шағын бизнестегі кәсіпкерлер де бізге тіркелген. Біз оларға Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті туралы мағлұмат береміз. Алдағы уақытта Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасының Президенттері кездеседі. Сол іссапарда елімізден ірі кәсіпкерлер келеді. Инвесторлардың қазақстандық бизнес өкілдерімен, өңірлерімен әріптестік орнатуына тікелей атсалысамын», — дейді KITA қауымдастығының төрағасы Юн Джин Сик.
Іс сапар аясында кәріс инвесторлары ауыл шаруашылығы саласына қызығушылығын білдірді. Сондықтан облыс басшысы алдағы уақытта қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
«Біздің өңір – Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Қазіргі уақытта облыста қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан, бизнесті ынталандыру мен дамытуға жағдай жасалған. Алдағы уақытта бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ұсыныстар мен шешімдерді бірлесіп әзірлейміз. Біз өз тарапымыздан «KITA» қауымдастығының құрамындағы компаниялардың Түркістан облысында бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз», — дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Айта кетейік, өңірде 10 индустриалды аймақ және «Turan» арнайы экономикалық аймағы бар. Онда кәсіпкерлер үшін барлық инфрақұрылым жүйелері тартылған. Кездесу барысында арнайы аумақта жүзеге асырылуы мүмкін жобалар талқыланып, екіжақты келісім жасалды.