Медсақтандыру есебінен ЭКҰ жасатуға бола ма?

157
фото Отырар.кз

Шымкентте медсақтандыруы жоқ қанша адам бар? Олардың мәселесін қалай шешуге болады? Медсақтандыру есебінен ЭКҰ жасатуға бола ма? Осы және тағы басқа сауалдарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент филиалының халықты ақпараттандыру және арыз-шағымдарды қарау бөлімінің басшысы Ахмет Беден жауап берді.

– Шымкентте қанша емханамен келісімшарт түзілген?

– Қазір Шымкентте күннен күнге емханалар көбейіп жатыр. МӘМС қызметін сапалы көрсету бойынша Президентіміздің нақты тапсырмасы, қала әкімінің де қойып отырған талабы бар. Себебі бәсеке болуы керек, ал бәсеке бар жерде сапа болады. 2024 жылғы маусым айына дейін қаламыздағы 58 емханамен келісімшарт түзілген. Оның 13-і мемлекеттік қалғаны жекеменшік болып отыр. Қазіргі таңда мемлекеттік емханалар мен жекеменшік емханалар арасында бәсеке күшейіп жатыр. Күннен-күнге талап күшейіп, нәтижесінде жұмыс сапасы да жақсарып келеді. Емхана болған соң адамдар өзінің тіркеуіне сай учаскелік дәрігерімен тығыз жұмыс істейді. Егер адам ауырып қалса, учаскелік дәргерлердің қолындағы техникада цифрлық бағдарлама болады. Сол жерден әр адамның қандай ем алғаны, қандай көмек көрсетілгені, қандай дәрі ішетіндігі жайлы барлық мәлімет көрсетіліп тұрады. Ал енді емханаларға бөлетін қаржы жылдан-жылға көбейіп келеді. Биыл 64 миллиард теңге бөлініп отыр.


Бұл жерде арнайы денсаулық сақтау базасы бар. Сол жерде кімдерге қандай жағдайда МӘМС арқылы қызмет көрсетілгені бақылауда болады. Адамның протоколға сай емделгендігі жайлы анықталса, қаржы төленеді. Егер хаттамаға сай емделмеген болса, қаржы төленбейді керісінше айыппұл салынады.

– Айыппұлды кімге салады:,
дәрігерге ме, емханаға ма?

– Протоколдағы нәтижеге қарай дәрігерге де, емханаға да айыппұл салынады. Сондай жағдайлар бізде тіркеліп жатыр.

– Шымкентте қанша адам сақтандырылған, ал ақшасы жоқ, жұмыссыз, сақтандырылмаған адамдар не істейді?

– Қазір Шымкентте 1 млн 231 мың адамның 904 мыңы сақтандырылған. 222 мың адам сақтандырылмаған. Осы сақтандырылмаған азаматтарды 5 категорияға яғни «а, b, c, d, e» деп бөлдік. Енді осының ішінде «e» категориясына жағдайы қиын, шұғыл жағдайдағы азаматтар жатады. Яғни үйі, көлігі, жұмысы, табысы жоқ адамдар. Мұндай адам саны 9535 болып отыр. «d» котегориясына жататын 42 мың адам бар. Олардың да жағдайы төмен. Бұл кісілер МӘМС-тің бар екенін біледі, бірақ төлеуге мүмкіндігі жоқ. Біздің саралап шығуымыздың нәтижесінде бұл кісілердің бәрі жұмыссыз, не үй жағдайында, бала күтімімен отырған әйел адамдар. Қазір жұмыспен қамту басқармасына тапсырма берілді. Бұл жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту керек. Ал жұмыс табылмаған азаматтарды жұмыссыз ретінде тіркеп, медициналық сақтандыруды мемлекет төлейтін қылу керек.
Бізде медициналық сақтандыруын мемлекет төлейтін 15 санаттың азаматтары бар. Олар, жүкті әйелдер, босанған әйелдер, 3 жасқа дейінгі бала күтімімен отырған әйелдер, 18 жасқа дейінгі балалар, көпбалалы аналар, 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаға қарап отырған азаматтар, бірінші категориядағы мүмкіндігі шектеулі балаға қарап отырған азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жұмыссыздар, ҰОС ардагерлері, зейнеткерлер, азаматтығын алғанша қандастар, студенттер, жұмыс істемейтін атаулы әлеуметтік көмек алушылар, сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан азаматтар. Бұл азаматтар мемлекет қарауында болғандықтан сақтандыру жарнасын мемлекет төлейді.

– Шымкентте осы 15 санатқа кіретін қанша адам бар?

– Шымкент қаласында осы 15 санатқа кіретін 725 мың адам бар. Енді жағдайы төмен, жұмысы жоқ, ақшасы жоқ азаматтар жұмыссыз ретінде тіркейтін болса, ол адам сақтандырылған болып есептеледі. Сол үшін міндетті түрде жұмыспен қамту бөлімінде жұмыссыз ретінде тіркелу керек. Сонда осы 15 санаттың біріне енеді де мемлекет қарауында болады. Яғни жұмыспен қамтылғанға дейін.

– Медсақтандыру есебінен ЭКҰ жасатуға бола ма?

– Шымкентте 4 жерде «ЭКҰ мед» деген медициналық орталық бар. Әр азамат өзі тіркеліп тұрған емханаға барып, «қолдан ұрықтандыру жасатқым келеді» деп жолдама сұрайды. Сол жерде барлық тексерістен өтеді. Егер, бала көтеретін жаста болатын болса, арнайы жолдама беріледі. Жолдама арқылы қолдан ұрықтандыру жасатуына болады. Қазір ЭКҰ құны – 1 млн 200 мың теңге. 2023 жылдың 12 айында қаламызда 350 бала ЭКҰ арқылы өмірге келген.

– Шымкентте медициналық сақтандыру арқылы жасалған ең қымбат ота құны қанша болды?

– Былтыр тамыз айында бізде жүрекке ота жасалды. Яғни, жүрек ауыстыру отасы. Донор Қостанайдан табылды. Шымкенттегі жүрек орталығында бұл қымбат ота жасалды. Құны 42 млн теңге болды.

Cұхбаттасқан – Жанерке Хумар