Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы бойынша жауапты мекемелерге индикаторлар әзірленеді. Табиғи ресурстарға жауапты басқармаға қоқысты алып кету бойынша елді мекендерді толық қамту қажеттілігі туралы индикаторлар қойылуда. Одан бөлек, космомониторинг арқылы ретсіз тасталынған қоқыстар анықталған орындарды жою бойынша жұмыстар жолға қойылып жатыр. Бұл бағытта өңірдегі «Жастар орталықтары», облыстық ҚХА, ауыл ақсақалдары жұмылдырылады.
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбіліктердің нәтижесінде 15 449 шақырым жол тазаланып, 1270 аялдама ретке келтірілсе, 175 мыңға жуық ағаш әктелді. Оған қоса 360 шақырым су, өзен бойлары тазаланды. Өңірде әр күн сайын аудан, қалада ретімен сенбіліктер ұйымдастырылады. Оған қоса, әлі де болса ретсіз қоқыс тез жиналатын «ыстық нүктелерге» тиісті органдардың тарапынан рейдтік бақылау тұрақты жүргізілуде. Қазіргі таңда, қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 14 мыңнан аса хаттама толтырылып, 153 млн теңге айыппұл салынған.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы тазалық, абаттандыру жұмыстары бойынша әкімдіктер мен басқармалардың жұмысы сарапталып, рейтингі жасалсын. Әрбір басқарма өзі жетекшілік ететін мекемелердің тазалық акцияларына қатысуын қамтамасыз етсін. Тұрғындар арасында да түсіндіру, экологиялық сауаттылықты көтеру жұмыстарын тоқтатпау керек».
Табиғи ресурстарға жауапты басқармаға қоқысты алып кету бойынша елді мекендерді толық қамту қажеттілігі туралы индикаторлар қойылуда. Космомониторинг арқылы ретсіз тасталынған қоқыстар анықталған орындарды жою бойынша жұмыстар жоспарланып отыр.
Облыстағы аудан орталықтарында қызмет көрсететін 18 мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынды күшейту мақсатында техникаларды алу бойынша облыстық бюджеттен қаржы қарастыруға өтінім берілді. Талдау барысында аудан, қалаларға қосымша 380 техника қажет екені анықталды.
Руслан Мұздыбеков, Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: «Аймақта әр күн сайын аудан, қалада ретімен сенбіліктер ұйымдастырылады. Бұған қоса, әлі де болса ретсіз қоқыстар тез жиналатын «ыстық нүктелерге» тиісті органдардың, полиция департаментінің және БАҚ өкілдерінің қатысуымен рейдтік бақылау тұрақты жүргізілуде. Барлық аудан, қалада жыл соңына дейін сенбіліктерді өткізу туралы жоспар бекітілген болатын. Басқармалар тарапынан да осындай іс-шаралар бекітілуде. Іс-шарада барлық салалар қамтылды. Атап айтсақ, спорт саласында іс-шараға сәйкес қанша спорт нысандары бар екені және оның нешеуі сенбіліктерге тартылғандығы жөнінде, жалпы спортшылар саны, олардың сенбіліктерге қатысқандары туралы ақпаратты қамтиды».
Жиында шегірткемен күрес жайы да қозғалды. Болжам бойынша, өңірде шегірткелердің таралу аумағы 271,5 мың гектарды құраса, іс жүзінде 340 мыңнан астам гектар өңделді. Шегірткенің белсенді өсу кезеңінде жұмысты күшейту үшін қосымша техника тартылған.
Облыста жалпы өңдеу жұмыстары сәуір айының басында басталып, химиялық өңдеу жұмыстарына 100 дана техника және 6 дана ұшақ жұмылдырылды. Облыс әкімі жауапты сала басшыларына қауіп толық сейілгенше жұмыстарды тоқтатпауды тапсырды.