Түркістанда «Қазақстан Полициясы күні» аталып өтті. Мерекелік шараға елдің тыныштығын қорғап жүрген департамент қызметкерлері қатысты.
Салтанатты мерекеге халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қызмет барысында қаза тапқан полицейлердің жұбайлары арнайы шақырылды. Динара Наршабаеваның күйеуі 4 жыл бұрын өмірден озған. Ол соған қарамастан, әлі күнге еске алып, құрмет көрсетіп жатқан департамент қызметкерлеріне алғысын білдірді.
«Жыл сайын ұмытпай шақырып, сыйлығын беріп жатады. Біз үшін үлкен құрмет! Ұмытпағандарыңыз үшін алғысымды айтамын. Мерекелеріңізбен! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Күн-түн демей халық үшін қызмет етіп жатырсыздар. Мың алғыс сіздерге», — дейді қаза тапқан қызметкердің әйелі Динара Наршабаева.
Елі үшін жанын қиған жандарға 1 минут үнсіздік жарияланып, құрметпен еске алды. Олардың жұбайларына гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар, мереке қарсаңында түркістандық 4 тәртіп сақшысы ҚР ІІМ бұйрығымен 1 саты жоғары шенге ауысты. Оған қоса, өңірлік полиция қызметкерлеріне «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі, «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісі, министрліктің «Алғыс хаты», мадақтамасы табыс етілді. Ал Түркістан облысы ПД бастығы елге қалтқысыз еңбек еткен полицейлерге ыстық ықыласын арнады.
«Сіздерді «Қазақстан Полициясы күнімен» шын жүректен құттықтаймын. Полиция азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрылымның бірі болып саналады. Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, ел тыныштығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектеріңізге сәттілік тілеймін. Әрдайым анттарыңызға адал болыңыздар! Ел қорғаны деген абыройлы істі биіктете беріңіздер», — дейді Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов.
Іс-шара соңы мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, патриоттық әндер шырқалды.