Қазақстандықтардың 95 пайызында несие бар. Қаржы сарапшылары бұл тым жоғары көрсеткіш дейді. Мамандар ел тұрғындарының қарызға батуы қаржылық сауаттылықтың жоқтығынан деп отыр. Несиені жауып, қарыздан құтылу үшін не істеу қажет?
Елімізде зейнет жасына дейінгі азаматтардың саны 10 млн-ды құраса, оның 8 млн-нан астамында несие бар. Ал олардың 2 млн-ға жуығы қарызын мүлдем төлей алмай жүр. Бұл туралы қаржы сарапшысы мәлімдеді.
Мақпал Шеңгелбаева, «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы: «Елімізде 95 пайыз халықтың несиесі бар. Бұл халықтың қаржылық сауаттылығы төмен болғаннан болып отыр. Бұл өте жоғары көрсеткіштердің бірі болып отыр»
Қарызға батқан қазақстандықтардың несиесін азайту мақсатында елімізде «Қарызсыз қоғам» жобасы жүріп жатыр. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды көздеген бағдарламада 5 күн бойы сарапшылар жеке консультация өткізеді. Сонымен қатар, қатысушыларға заңгерлік көмек те тегін беріледі.
Мақпал Шеңгелбаева, «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы: «Бес күн оқығаннан кейін қатысушылар сертификат алады. Одан кейін заңгерлер қатысушыларды сүйемелдейді. Шоттары бұғатталған адамдар бар, несиелерін жаба алмай жүргендер бар, графикке отыра алмай жүргендер мен банкроттық жариялауға құжат жинай алмай жүргендер бар, соларға бір жыл ішінде заңгер тегін көмек береді. Сертификат арқылы сарапшылар мемлекеттік гранттық бағдарламаларға бизнес жоспар жазуға, құжаттарын жинауға көмектеседі. Мемлекеттік сатып алулар бойынша да оқу жүргізіледі»
Жобаға қатысып, сарапшылар кеңесіне құлақ түрген Аяужан Жорабекова қаржылық сауаты артқанын айтады. Ол несиеге жүгінбей ақша табудың басқа да жолдарын іздеуді үйренген. Соның арқасында банктегі қарызынан құтылыпты.
Аяужан Жорабекова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Каспи редте 150 мың теңге қарызым болды. 7 ай бұрын алғанмын. Оның ішінде 32 мың тг қарызым қалған. Дүйсенбі күні сабақты бастап, сейсенбі күні қарыздарымды жауып тастадым түгелімен. Басқа қарызым жоқ»
«Қарызсыз қоғам» жобасы еліміздің 17 өңірінде жүріп жатыр. Ал Шымкентте 5200 адам сертификат алып үлгерген. Мамандар жобаға қатысамын деушілерді Бейбітшілік 3 мекен — жайында күтеді.