Әлеуметтік желіде Қошқар ата өзенін ластағандардың видеосы тарады. Бейнежазбадан әлдекімдердің өзенге құрылыс қалдықтарын ағызып жатқанын байқауға болады. Өзенді ластағандарды тұрғындар видеоға түсіріп, тиісті орындарға шағымданды.
Әлеуметтік желілерде «Қошқар ата өзенін ластап жатыр» деген видео тарады. Бейнежазбадан өзен арнасына құрылыс қалдықтарын тастап жатқандарды көруге болады. Оқиға куәгерлері олардың қиыршық тас пен құмды суға тастап жатқанын видеоға түсіріп алған. Ал бұл жайт бойынша экология департаментінің мамандары былай жауап берді.
Сабыр Балыбек, Шымкент қаласы экология департаменті бастығының орынбасары:
«Ол видео 3-ші маусым күні шыққан. 4-ші маусым күні департаменттің сынақ зертханасы Қошқар ата өзенінен су сынамаларын алды. Қазіргі таңда талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесі дүйсенбі күні шығады»
Кейіннен өзенге қоқыс тастағандардың құрылысшылар екені белгілі болды. Олар Қошқар ата маңайына және Ордабасы алаңына субұрқақ орнатумен айналысып жатқан көрінеді.
Көріп тұрғанымыздай, жағдайға жауапты құрылысшылар өзенді қоқыстан тазартты. Олар су түбінен барлық қоқысты алып шықты. Ал құрылыс қалдықтарын өзенге ағызған жұмысшыларға ескерту жасалған.
«Біз өзенді тазалап, 4 Камаз қоқыс шығардық. Енді субұрқақ орнатылғанға дейін Қошқар ата өзені маңайын тазалауды жалғастырамыз. Және де қызметкерлерімізбен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын да жүргіздік»,- деді оқиғаға жауапты кәсіпкер.
Бұл оқиғаға кінәлі кәсіпкердің осыған дейін Қошқар ата өзенінің осы бөлігінде өз есебінен абаттандыру жұмыстарын жүргізгені белгілі болды.