Қыркүйек айынан бастап 11 жастағы қыздарға вакцина салынады

58
фото Отырар.кз

Күзден бастап адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау басталады. Екпе 11 жастағы қыздарға салынбақ. Қажет болған жағдайда бұл вакцинаны ер адамдар да ала алады. Үшінші мегаполисте осы тақырып аясында мамандардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау қыркүйек айында басталады. Жоспар бойынша екпе 11 жастағы қыздарға, ата-анасының келісімімен салынады. Ал қажет болған жағдайда вакцинаны әйелдер өз еркімен ала алады. Тіпті бұл екпені салдыруға ер адамдар да құқылы.

Жанаргүл Жақсылықова, Шымкент қаласы СЭБД бөлім басшысы: «Біздегі жоспар бойынша вакцина 11 жастағы қыздарға салынады. Оларға екпе тегін жасалады. Одан жоғарғы жастағы әйелдер өз қалауы бойынша ақылы түрде вакцина ала алады. Бірақ бізде бүгінгі күні ақылы екпе салатын емханалар жоқ. Кейін болып жатса, ақылы түрде алса болады. Бұл вакцина қауіпсіз болып саналады. Адамға ешқандай кері әсері болмайды»

Адам папиллома вирусына қарсы екпе 2 этаптап тұрады. Алғашқы сатысы 11 жасқа толған кезде салынса, кейінгісі 6 айдан кейін салынады. Жауаптылардың сөзінше бүгінде 26 мың доза вакцинаға тапсырыс берілген. Ал бұл екпені алуға шымкенттік ата-аналар келісе ме?

«Мен қарсымын. Ол дәлелденбеген. Біз әзірге вакцинаға дайын емеспіз».
«Біз тіпті кішкентай балаларымызға екпе (привывка) алмағанбыз. Ондай нарседен қазір қорқамыз».

«Мен де салдырмаймын. Екпені (привывка) ешкандай балама салдырмағанмын. Қорқамын».
«Ия қызым бар. Алайда вакцинаны салдырмайтын едім. Қазір қорқатын болдық қой вакциналардан»

Елімізде соңғы жылдары жатыр мойны ісігіне шалдыққандар саны көбейген. Мамандар адам папиллома вирусына қарсы вакцина жатыр мойны обырына шалдығу қаупін төмендетеді дейді. Айта кетсек, бүгінде Шымкентте 731 адам осы індетпен есепте тұр.