Шымкенттік үздік тергеуші Азат Маханов қызметі жайлы айтып берді. Тәртіп сақшысы әңгімесін бала кезіндегі арманынан бастады.
– Бала кезімізде кейбіреуі үшін полиция қызметіндегі ең қызық сәт – қылмыскерді іздеу, ұстау және атыс болса, мен үшін полиция қызметінің романтикасы – айғақтарды жинап, заң бұзушының әрекетін талдау болатын. Ойлап қарасам, сол кезде-ақ болашақ мамандығымды білгендеймін, – деп еске алды Азат Маханов.
Полиция капитаны ауыр санаттағы қылмыстық істерді тергейді. Тонау және кісі өлтіруден басқа, бұл санатқа миллиондаған шығын келтірген алаяқтық пен ұрлық қылмысы да кіреді.
-Жақында жеке нотариустың өкілеттігін теріс пайдалану жайты бойынша тергеу жүргіздім. Ол сыбайластарымен бірге жалған келісімшарттар жасаған, салдарынан 6 тұрғын жылжымайтын мүлкінен айырылды. Қылмыстық іс әрқайсысы 180 беттен құрайтын 28 томнан тұрды. Әрине, бұл аса мұқияттылықты талап ететін жұмыс. Ондаған куәгер мен іс қатысушыларынан жауап алынды. Тергеуге қажетті ақпаратты алу үшін кейде бізге психолог та болу керек, – дейді офицер.
— Нәтижесінде жәбірленушілерге пәтерлері мен үйлері қайтарылды. Ал қаскүнемдер кінәлі деп танылып, сотталды.
“Істі қарау барысында ұсақ-түйектен маңызды ештеңе жоқ. Кез келген ұсақ-түйектен сіз логикалық ойлау тізбегін шығара аласыз” — Азаттың сүйікті дәйексөзі.
Тергеуші әрбір ұсақ-түйекке мұқият қарайды. Төзімділік, табандылық, ізденімпаздық және аналитикалық ойлау, бейтараптық оның қасиеттерін сипаттайды. Сондықтан әріптестері оны Шерлок Холмс деп атап кеткен. Айта кетейік, Маханов қызметтегі жоғары жетістіктері үшін мегаполистің үздік тергеушісі деп танылған.