Шымкентте «Отау» бағдарламасы бойынша алғашқы баспана кілті табысталды

47

Биыл іске қосылған «Отау» бағдарламасының бірінші қатысушыларына пәтер кілті табысталды. Бақытты жанұя бұл мезетті 2 жылдан аса уақыт күткен көрінеді.

Бүгін Төребаевтар әулетінде қуанышты той. Шымкенттік отбасы 2 жарым жылдан бері күткен баспанаға “Отау” бағдарламасы негізінде қол жеткізіп отыр. Гауһар Қалмаханова бұған дейін 2 рет басқа жобаларға бюджеттік қызметкер ретінде қатысыпты. Дегенмен қуанышты күннің сәті бүгін түсіп, жаңа бағдарламаның арқасында үйлі болдық дейді 3 баланың ата-анасы.

«Бүгін отбасымыз үшін тарихи сәт. Отбасы банкіне 2 жарым жылдан бері салымшы ретінде тіркеліп, баспаналы болып отырмыз. «Отау» бағдарламасына қатыстық және сәтті түрде тізімге ендік. Осылайша қадам-қадаммен өтіп келдік. Енді бүгін баспананың кілтін алған жайымыз бар», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Гауһар Қалмаханова.

«Қуанышымызда шек жоқ. Әрбір Қазақстан азаматында осындай бақыт, әр шақырақта қуаныш, осындай баспана болсын деп тілейміз. Біз соған тілектеспіз. Отау құрғанымызға 13 жыл болды. Бұған дейін ата-анамызбен бірге тұрғанбыз. Енді өз үйіміз, баспанамыз болды. Өте қуаныштымыз»,  – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Мақсат Төребаев.

«Отау» бағдарламасына өтініш қабылдау 1 сәуірде басталған. Мыңнан аса тұрғын аталған жобаға қатысуға ниет білдірген. Оның 500-і Отбасы банк арқылы үй алуға рұқсат алыпты. Мамандар нарық бағасын бірқалыпты ұстап тұру үшін, құрылыс компанияларымен арнайы келісімге келгенін айтады.

Фото Отырар.кз

«Біз үшін де бүгін қуанышты күн. 100-ге тарта тұрғынға ипотекалық несие алуға рұқсат келді. Қазір үй қарастырып жатыр. Біз мемлекеттің тапсырмасы бойынша тұрғын үйлерді салып жатқан компаниялармен келісімге келдік. Оның басты мақсаты пәтер бағасын асыра көтеріп жібермеу. Мердігерлер бағдарламаға қатысатын кезде бізге бағасын айтып, екі жақты бекітеміз. Мемлекеттік бағдарлама іске қосылған кезде баспана бағасы өсіп кетеді деген қауесет болды. Біз ондай жағдайдың болмауын қамтамасыз етіп жатырмыз», – дейді «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев.

Бастапқы айдың өзінде 27 азамат “Құлагер” тұрғын үй кешенінен пәтер алуға бел буыпты. Қазір тұрғындар құжаттарын рәсімдеу жұмысын жүргізіп жатыр. Жауапты мамандар мұнда олар үшін барлық жағдай жасалғанын айтады.

«Жабық автотұрақпен қамтамасыз етілген. Балалар үшін керемет ойын алаңшалары бар. Барлығы еуропалық стандартқа сай жасалды. Сонымен қатар, демалыс зоналары бар. Тұрғын үй кешені төмен баға, жоғары сапасымен ерекшеленеді», – дейді «OTAU GROUP» компаниясының даму жөніндегі вице-президенті Мұхит Отаршиев.

Айта кетейік, бұл жоба келесі жылы да жүзеге асады деп жоспарланған. Ол үшін салымшының қорында 1 млн. теңгесі мен 18 айға толған депозиті болуы керек. Сонымен қатар алдағы уақытта Шымкент тұрғындарына бірнеше бағдарлама арқылы өтініш беру мүмкіндігі ұсынылады деп күтілуде.