Шымкентте жыл басынан бері скутер мінген 108 адам жол апатына түсті. Балалар ауруханасына қол-аяғы сынып күніне кем дегенде екі-үш науқас түсетін көрінеді. Дәрігерлер олардың алған жарақаты да жеңіл емес дейді.
Иманғали Рахманқұлдың мотоцикл тізгіндегеніне 2 жылдан асқан. 20 жастағы жігіттің мопед мінуіне ата-анасы қарсы болыпты. Алайда курьер көлікті жұмысына қажетсінген соң мінетінін айтады. Сөзінше әріптестерінің арасында жасы 16-ға толмаса да мопед мініп жүргендері де бар екен.
Иманғали Рахманқұл, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жаңа ғана біреуін көрдім электроны жолда айдап жүргендерді көрдім. Жеткізіп беру қызметінде істейді кейбіреулері. Кейбіреулері жолда қызық үшін жүреді. Кейбір адамдар болады жолда қысып кетеді. Менсінбейді. Не болмаса сигнал беріп, аузына келгендерін айтып кетеді«.
Оқушылардың жазғы каникулы басталғалы Шымкентте электромопед мінген жасөспірімдер де көбейген. Олардың жол ережесін дұрыс білмеуі салдарынан жеңіл көлікке соғылып, балалар ауруханасында жатқан жеткіншектердің саны артқан.
Болат Нұсқабаев, Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының жарақат бөлімінің меңгерушісі: «Жарақатпен соңғы коникулда көбейіп жатқаны рас. 5 айда жарақатпен келген науқастар саны тоғыз мыңнан асады. Соның ішінде 416-сы жол көлік апатынан. 416-ның 108-і скутер, электромобильді мініп көшеге шығып кеткен жасөспірімдер«.
Қалада мотоцикл мінгендер арасында да жүргізуші куәлігі жоқ жастар көп көрінеді. Ережеге бағынбайтын оларға қатысты рейдтік жұмыстар жиілемек.
Мұхтар Орынбеков, Шымкент қаласы жергілікті полиция басқармасының аға инспекторы: «Егер де мопед, электросомакат жүргізушілері жол жүру ережелерін қатаң бұзатын жағдайда олар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 616 бабымен жауапқа тартылатынын ескертеміз«.
Электромопед мініп, жол апатына түскен жасөспірімдер арасында адам өлімі тіркелмеген. Бірақ, алған жарақаттары жеңіл емес. Бірінің миы шайқалып, басы жараланса, тағы бірінің аяқ-қолы сынған. Кей науқастарда аталған жарақаттың үшеуі де кездеседі.