Шымкентте «Жер-2024» ауқымды сейсмикалық оқу-жаттығулары өтті

521

Шымкентте «Жер-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Екі күндік қорғаныс іс-шарасында жер сілкінісі кезінде адамдарды эвакуациялау, тізімге алу және жарақаттанғандарға медициналық көмек көрсету пысықталды. Қала сыртына құрылған шатырларға тұрғындарды орналастыру жолдары көрсетілді. Құтқару қызметтерінің бірлескен іс-қимылдарын үйлестіру үшін республикалық далалық штаб ұйымдастырылды. 

Шымкентте емтихан тапсыруға келген оқушылардың дайындық жұмыстары, дабыл дауысынан тоқтатылды. Қалада шартты түрде ең күшті «жер сілкінісі» болды. Оқушылар үшін бұл төтенше жағдайларда әрекет етуге дайын болу сынағы болатын. Балалар мен мұғалімдер дереу ғимараттан сыртқа шықты.

3-4 маусым күндері Шымкентте «Жер-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Шартты түрде болған жер сілкінісінен кейін қала аумағында эвакуацияланған адамдарды қала сыртындағы атшабар аумағына алып барды. Онда 500 адамға арналған тіркеу тобы, ана мен бала бөлмесі мен түрлі қызметтер ұсынылған 50-ден астам шатырлы қалашық құрылды.

Ықтимал жер сілкінісі кезіндегі тәуекелдерді азайту үшін Шымкенттегі сейсмикалық шағын аудандастырудың жаңа картасын жасау туралы шешім қабылданды.

Нұржан Қаракөзев, Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы: «Қалалық штаб құрылған. Оның жұмысы зардап шеккен халыққа, қала тұрғындарына қажетті тіршілік көзімен қамтамасыз ететін нысандармен, сонымен қатар, медициналық көмек пен штабтағы толыққанды жағдай жасалған. Бұл оқу-жаттығу жер сілкінісі орын алған кезде дағдыларды, іс-әрекеттерді пысықтау мақсатында жүргізіледі».

Оқу-жаттығуларды дайындау мен өткізуге азаматтық қорғаудың барлық мемлекеттік жүйесі тартылды. Сейсмикалық жаттығу жұмыстары балабақша, мектеп, аурухана мен емханаларда, адам көп жиналатын нысандарда өткізілді. Мамандар Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментіне қарасты техникалар, күш пен құралдар жер сілкінісі жағдайына толыққанды дайын екенін жеткізді.