Түркістан облысында тасқын судың алдын алуға арналған жұмыстар жалғасуда. Өңірде 298 шықырым су арнасы тазартылды. Бұл туралы комиссия отырысында да сөз қозғалды. Мәжілісте сонымен қатар аймақтағы апаттық жағдайда тұрған 10 тұрғын үйдің мәселесі де талқыланды.
Биыл облыста су тасқынының алдын алу мақсатында 15 іс-шара өткізілген. Қазір 1 нысанда жұмыс жүріп жатыр. Нәтижесінде 298 шақырым қашыртқы арналары тазартылды. Сонымен қатар, жауапты мамандар жаңа канал қазылып жатқанын айтады.
«12 шықырым арна түзетіліп, 5,2 шақырым лоток жаңадан салынды. 2 шақырым канал бетондалды. Су тасқынына қауіпті кезеңде күнделікті шаруашылық нысандарда мониторинг жүргізілді. Тасқынға қарсы 125 мың дана қап, 8 мың тонна жанар-жағармай қоры дайындалып, 40 млн. теңге көлемінде азық түлікке меморандум жасалды», — дейді ТО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Әскер Сарбатов.
Төтеншеліктер атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірде апатты жағдайдың тіркелмегенін айтты. Дегенмен облыс басшысы аймақта шешілмеген мәселелер де баршылық дейді.
«Айтылғанның бәрі жәй қағазда қалып қоймасын. Сіздер есептеріңізді бастағанда сіздің тапсырмаңызбен деп жатсыздар. Сонда тапсырма болмаса жүйелі түрде жұмыс жүрмей ме? «Әкім тапсырма берді, істейміз. Тапсырма бермесе ол мәселе емес» деп жасамай қоймаңыздар. Жүйелі түрде жұмыс істеу керек. Су тасқыны, бағаны тұрақтандыру, авариялық үйлер, бәрін шешуіміз керек. Аудандық, облыстық бюджет болмаса, республикалық бюджетен 100 пайыз ақша бөлінбейді. Салыққа қарау керекпіз. Әлі ұсыныс айтпай жатырсыздар», — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Жиналыс барысында 4 тақырып көтерілді. Соның бірі тозығы жеткен баспана мәселесі. Қазір күнгей өңірде 1 708 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның 10-ы апатты жағдайда тұр. Сондықтан қазір ол проблеманы шешу жолдары қаралуда.