Тауда жоғалып кеткен 16 жасар 2 жасөспірімді полиция тапты

32
фото ТО ПД

Түркістан облысы Созақ ауданының полициясына 26 маусым күні таңертең 11 бас жылқы мен 7 бас құлынын түгендеу үшін тауға шығып, қайта оралмаған екі кәмелетке толмағандар туралы хабарлама келіп түсті.

Екі жасөспірім мотоциклмен жылқы табынын іздеуге, Созақ ауданының аумағындағы таулы аймаққа бет алғаны анықталды. Олардың кеткеніне біршама уақыт болғаннан кейін, туыстары полициядан көмек сұрады.
Жоғалған кәмелетке толмағандарды іздеуге аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы, құтқарушылар, 30-дан астам еріктілер, қызметтік иттер, сондай-ақ дрондар мен тікұшақ жұмылдырылды.
Іздеу нәтижесінде жоғалған жасөспірімдерді полиция тікұшақтың көмегімен аман-есен тауып, үйлеріне қайтарды. Жасөспірімдер тауда адасып, 30-35 км-дей жүріп кеткен.
▫️Кәмелетке толмағандардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.