Қырық жыл уақыт қазақ-жоңғар соғысына қатысып, ерлігімен көзге түскен. Алпыс жасында жаудың жас батырларын жекпе-жекке шақырып, жеңілмеген. Сіргелі Қара Тілеуке батырдың туылғанына 330 жыл толып отыр. Осыған орай Түркістанда «Батыр бабалардың Отан қорғаудағы ерліктері: тарих және тағылым» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
XVIII ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығы Қазақ елі үшін үлкен нәубет болды. Үдере көшкен ел бас сауғалап жан-жаққа сабылды. Сол сұрапыл жылдары Қазақ батырларының қиян-кесті ерлігі ғана үркердей жұртты аман алып қалды. Сол шайқастарда халық ішінде Қарабатыр атымен танылған Сіргелі Тілеуге ерекше көзге түскен. Конференция «Сіргелі қара Тілеуке» деректі фильмінің көрсетілуімен басталды. Мемлекет және қоғам қайраткері, еңбек ардагері Орынбай Рахманбердиев алғы сөз сөйледі.
Орынбай Рахманбердиев, мемлекет және қоғам қайраткері:
– Жасалып жатқан бұл іс-шара, өткен заманда біздің бабаларымыздың ішінен шыққан батырлар бар, небір абыздар, билер, атағы шыққан хандар бар. Бірақ біз 70 жыл Совет Одағының қарамағында болып, әбден тепкілікке ұшырап, тарихымызды ұмытыңқырап кеткенбіз біз. Тілімізді, салт-дәстүрімізді ұмытыңқыраған жағдай болды. Қазір егемендік алғанымызға 30 жылды. Шүкір, тәубә дейміз. Бабаларымызды кеңінен танып, егле танытып, ескерткіш орнатып, осындай конференциялар ұйымдастырып жатырмыз. Бізде мыңдаған батырлар бар. Көптеген билер бар. Қалмақ, Жоңғарың бар, солармен жүздеген жылдар солармен соғысқан бабаларымыз бар. Осынша кең байтақ жерімізді алып қалған. Сондықтан солардың бәрін тарих сахнасына шығаруымыз керек. Мектептегі балалар оқу керек. Әдебиетте болуы керек олардың есімдері.
Анарбек Орман, мемлекет және қоғам қайраткері:
– Ғылыми конференцияда айтып жатыр соншалықты мұның жүрегі кең батыр. Керек болатын болса Жоңғарлармен соғысқан уақытта сол кездегі соғыстың дәстүрі бойынша жекпе-жек деген болады. Сол жекпе-жекке 60 жасында шығып, жауға тойтарыс беріп, елімізді, мемлекеттілігімді сақтап қалуда Жоңғарларды Алтатаудың арғы жағына қуап шығуда елеулі үлес қосқан түменбасылардың (10 мың әскер басшысы) бірі.
Пленарлық отырысты тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсұн Хазіретәлі Маханұлы жүргізіп отырды. Баяндамашылар Тілеуке Төбетұлының өмір сүрген кезеңі, оның ерліктерінің тарихы, батыр туралы тың деректер, жорық жолдары, соңғы шайқас алаңы Ойрантөбе туралы мол мағлұмат берді. Сондай-ақ, батырдың замандастары Абақ Керей Қожаберген батыр, Көлеген Ер Бәйменбет батыр, Әжібай батыр Найманбайұлы т.б. туралы баяндама тыңдалды.
Қанат Еңсенов, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор т.ғ.к.:
«Жалпы тарихта Тілеуке өте даңқты батыр болған. Алдында Әбілхайыр ханның заманында 1727 жылы Бұланты мен Білеуті шайқасына қатысқан. 1729 жылы Аңырақай шайқасына қатысып, ерлік көрсеткен. Ордабасы жиынына, елдің болашағын шешетін алқалы жиынға қатысқан. Одан кейін 1740 жылы хан қорғаушы жасағын Нияз батыр бастап барса, Абылай сұлтанның қорғаушы жасағын Тілеуке (Қарабатыр) Төбетұлы басқарып барған. Осы кездесуде Ресей империясы тарапынан генерал-лейтенант В.Урусов өз нөкерлерімен келген. Олармен жолыққан кезде бейбіт келісім, екі ел тұтқын адамдарды алмасу, керуендерді өткізу, көрші елмен татулық туралы келісім болып, Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан ант берген. Осы барған қазақ делегациясын орыстар сән салтанатымен қарсы алып, олардың құрметіне бірнеше мәрте зеңбіректен оқ атқызған. Хан мен сұлтанға арнайы шатыр тігіп, мал сойдырып қонақ ретінде күткен. Кездесудің соңында геренрал-лейтенант В. Урусов өз қолынан Нияз батырға күмістелген қылыш, Әбілмәмбет хан, Абылай сұлтан, Жәнібек батыр және Тілеуке батырларға бірдей темір сауыт сыйға берген. Бұл көрші мемлекет тарапынан үлкен сенім мен құрмет белгісі болған» .
Тілеуке Төбетұлы – 1694-1754 жылдар аралығында өмір сүрген батыр, қолбасшы, мемлекет қайраткері және тарихи тұлға. Тарихи деректерде және қазақ халқының ауызша тарих айту дәстүрімен жеткен шығармаларда батырдың жорық жолдары туралы мәліметтер бар. Тілеуке батыр тарихи деректерде Тілеуке, Тілеулі және Қарабатыр деп айтылып келген. Тарихи тұлға алып денелі, қараторы, келбеті сұсты және қаһарлы көрінуіне байланысты «Қарабатыр» атанып кеткен.
Тілеуке жас кезінде елдің ортасында батырға тән бітім, болмысымен танылған. Бұрынғы қариялардан жеткен әңгімеге назар аударсақ, 1894 жылы туған, 90 жастағы Қыпшақалы Әлімбайұлы деген қария шежіре мен қисса-дастандарды жатқа айтатын болған. Оның айтуынша, Тілеуке Шаян өзенінің жоғары жағында Арыстанды өңірінде дүниеге келген. Қарияның айтуынша Тілеуке жас күнінде жолбарыспен алысып, оны өлтірген екен. Ол уақытта батырдың өмір сүрген кезеңі жаугершілік заман еді.
Қазақ-қалмақ заманы салған салмақты көтере алатын халықтың ұлдары тарих сахнасынан осы тұста айрықша көріне бастаған. Бұқар жырында аталып, өсиет болып, кейінгі ұрпаққа өлмес аты қалған атақты адамдарды жырау: Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай деп басқа аттас адамдармен шатас-тырмасын дегендей тасқа қашап салған таңбадай ғып бүгінгі ұрпаққа жеткізген. Осы айтулы соғыстарға қарт жыраудың өзі де қатысып, Абылай ханның қасында болған. Бұл жөнінде ел аузында көп деректер сақталған.
Атақты Бұқар жырау қазақ-қалмақ шайқасына байланысты тағы бір жиырма сегізінші толғауында: «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Сіргелі қара Тілеуке, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай, Құдаменді Дәулет қасында, Бақ дәулеті басында, Сеңгірбай мен Шойбек бар, Таңсық қожа, Мәмбет бар, Қасқарау Малдыбай, Қатардан жақсы қалдырмай, Айнақұл, Бәти ішінде, өңкей батыр жиылып, Абылай салды жарлықты» деп жырланған.
Аңырақай шайқасына Үш жүздің батырлары қатысқан. Солардың ішінде көзге түскен үлкен қолбасшылардан Бұқар жыраудың жырында: Қаракерей, Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Сіргелі қара Тілеуке, Қарақалпақ Құлашбек, Шапырашты Наурызбай және тағы басқа батырлардың есімдері аталған.
Асқар Сатпаев,
ҚР Журналистері Одағының мүшесі
фотосуреттерді автор ұсынған
Бұл мақала Ontustik Rabat газетінің №26 санында (27.06.2024) жарияланды.