Төлеби ауданында алма шырыны өндірілетін болады

12

 

Төлеби ауданында ардагерлер мен ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған орталық ашылды. Мекемеде мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіліп, психолохиялық қолдау бағытында кеңес беріледі. Орталықтың ашылу рәсіміне облыс әкімі қатысты. Сондай-ақ, Дархан Сатыбалды Төлеби ауданының тұрғындарымен кездесті.

Енді Төлеби ауданында алма шырыны өндірілетін болады. Төлеби ауданына арнайы іс-сапармен барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды Кемеқалған ауылдық округі «Қазығұрт бақтары» өндірістік кооперативінің қарқынды алма бауында болды. Тамшылатып суару жүйесі арқылы қарқынды алма бауын өсіру ісін қолға алған кәсіпкер иелігіндегі 138 гектар аумақтың 110 гектарына 300 мыңға жуық көшет егілген.

«Гренни Смит», «Айдаред», «Голден делишес», «Гала» сортты алмаларын еліміздің барлық өңірлерімен қатар, алыс-жақын шетелге экспорттайды. Сондай-ақ, жеміс өнімдерін сақтайтын 500 тонналық қойма құрылысын өз қаржысы есебінен аяқтап, жеміс тосаптарын дайындайтын цех салған. Кәсіпкер алма өнімдерінен табиғи шырын дайындайтын цехты іске қосуды жоспарлап отыр.

Балық өсіруді қолға алып, шаруашылықтың бұл түрін кәсіп көзіне айналдыруды көздеген кәсіпкерлер саны Төлеби ауданында артып келеді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жаңажол елді мекеніндегі балық шаруашылығымен танысты. Жеке кәсіпкер 3 гектар аумақта 7 арнайы бассейн жасап, форель өсіруде. Жылына 300 тонна балық өндіруді жоспарлауда. Жоба құны — 800 млн. теңге.

Жалпы, аудан аумағында балық шаруашылығымен 14 кәсіпкер айналысады, оның ішінде 5 шаруашылық 2023 жылы ашылды. Шаруашылықтар негізінен бекіре, форель, сазан, карп, дөңмаңдай, ақ амур балығын өсіруде.

Облыс әкімі Төлеби ауданына барған сапарында тұрғындарымен кездесіп, осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстарды баяндады. Алдағы жоспарларды пысықтап, ауданның дамыту жұмыстарына тоқталды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Төлеби ауданында 2023 жылы 16 елді мекенде 27 жобаны іске асыруға 3,5 млрд. теңге бөлінді. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру, әл-ауқатын жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1 млрд. теңгеге 190 жоба қаржыландырылды. Төлеби ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 36 пайызға өсіп, 2023 жылы 146 млрд. теңгеге жетті. Біз аудандағы кейбір салалардағы кемшілікті жасырмай ашық айтып, олардың шешу жолдарын қарастыруымыз қажет. Біз әлі де қоғамдық немесе әлеуметтік жұмыстардан бөлек, өз жұмыс орнымызды ашып үйренуіміз қажет. Нарық талабы солай. Бизнесті қолға алып, өндірісті дамытуымыз керек«.

Төлебиліктер облыс әкіміне инфрақұрылым, кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс пен туризм саласы және өзге де мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, өтініштерін айтты. Облыс әкімі әрбір өтініш бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүретінін жеткізді. Кездесуден соң өңір басшысы жеке қабылдау өткізіп, аудан тұрғындарының өтініш-тілектерін тыңдады.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Мемлекет басшысы мектептерді жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтуды тапсырған болатын. Облыста жалпы саны 330 мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде 329 мектепте орнатылды. Оның ішінде Төлеби ауданында жоспарланған 20 мектептің 19-на қосылды. Қалған бір мектепте тамыз айында іске қосылады. Бастапқы интернеттің жылдамдығы секундына 20 мегабитке жетпейтін болған, қазіргі кезде 200 мегабитке жетіп, сапалы қызмет көрсетіліп жатыр».

Облыс басшысы таулы өңірдегі сапары барысында Леңгір қаласында «Жарқын өмір және тең қоғам» мекемесінің ашылуына да қатысты. Орталықта ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға спорттық дене шынықтыру, көңіл сергіту шаралары қарастырылған. Онда ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жұмысқа орналастыру бойынша кеңестер мен ұсыныстар беріледі. Әлеуметтік-құқықтық, психолохиялық көмек көрсетіледі.

Осы орталықтың жанында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Мейірім» орталығы да жақын арада жұмысын бастайды. Бұл орталықта 3 пен 15 жас аралығындағы церебралды паралич, сонымен қатар, қимылдау жүйесі бұзылған, интеллектуалды дамуында ақауы бар, Даун синдромымен ауыратын балаларға арналған түзету және дамыту, психологиялық-педагогикалық көмек, массаж, физиотерапия кабинеті, әлеуметтік және еңбекке оңалту, музыка, өнер және ойын-сауықтыру қызметтері бар. Әр баланы оңалту мен дамытуға арналған жеке даму жолы әзірленеді.

Сондай-ақ, облыс әкімі Төлеби ауданындағы жұмыс сапары Қосағаш елді мекеніндегі 300 орындық жайлы мектептің құрылысымен танысты. Облыс басшысы мердігермен кездесіп, құрылыс материалдарымен қамтуға қатысты мәселені талқылады. Мұндағы құрылысқа жергілікті тұрғындар тартылған. Бейнекамералар орнатылып, жұмыс процессі тиісті бақылауға алынған.

Жалпы, Төлеби ауданында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында жаңадан 3 мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Достық елді мекеніндегі 900 орындықты, Көксәйекте – 600 орындық, Қосағашта – 300 орындық білім ошағының құрылысы биылғы жылдың желтоқсан айына дейін аяқталып, пайдалануға беру жоспарлануда.

Төлеби ауданына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Дархан Сатыбалды аумақтың тазалығына жауапты мамандармен жүздесті. Аудандағы санитарлық тазалықты сақтау үшін техника сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.