Тұрғын үй кезегінен қандай жағдайда шығарылады?

628
фото Отырар.кз

Тұрғын үй кезегінен кімдерді қандай жағдайда шығарады? Қанша адам қай санаттар бойынша тұрғын үй кезегінде тұр? Осы және тағы басқа сауалдарға Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасының басшысы Азат Рахымбердіұлы Исламов жауап берді.

Осы кезге дейін тұрғын үй кезегінен қанша адам шығарылды, оның себебі неде?

Шымкент қаласы бойынша өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бастамасымен пилоттық режимде хабарлама жолданды. Тұрғын үй қатынастары туралы заңның талаптарына сәйкес жергілікті атқарушы органдар кезекте тұрған азаматтардың бәріне түгендеу жұмысын жүргізеді. Осы жұмыс нәтижесінде заңға сәйкессіздік жағдай анықталған жағдайда ол азаматтар заңның №73-бабына сәйкес кезектен шығарылады. Атап айтсам, Шымкент қаласының тұрғыны басқа елдімекенге көшуі, есепке қабылданғаннан кейін азамат өзінің иелігіне басқа үй алса кезектен шығарылады. Үйді сатып алса да, сыйға тартылса да, мұрагерліктен үй қалса да, азаматтың атында мүлік пайда болып, ол тұрғын үй қатынастары туралы заңның №75-бабына сәйкес ол үй 15-тен 18 шаршы метрге дейін болса кезектен шығарылады. Санатын жоғалтса, кезектен шығады. Мысалы, бізде толық емес отбасы деген санат бар. Егер кезекте тұрған адам неке қиып, отбасын құрса, толық емес отбасы санатынан шығарылады. Не бюджеттік ұйымның қызметкерлері сол жерден жұмыстан шықса, санатын жоғалтады да кезектен шығарылады. Енді мұндай жағдайда да мәселелер туындап жатады: «көпбалалы отбасы санаты болдым» деген сияқты. Осы тұста айта кетейін, әкімдіктер 6 негізгі тізім бойынша кезек жүргізеді. Ол – ҰОС ардагерлері, жетім балалар, көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топтары, мемлекеттік қызметшілер және де жалғыз үйі апатты деп танылған азаматтар. Егер осы 6 тізім арасынан кезекті ауыстыратын болса, ауыстыру сәтіне өтініш білдірген уақыттан кезегі басталады. Яғни, алдында тұрған кезек сақталмайды. Осындай түгендеу жұмыстарының нәтижесінде қазір 36 400 адам бойынша сәйкессіздік анықталған. Ол сәйкессіздіктің барлығы кезектен шығаруға негіз бола алмайды. Мәселен, АХАЖ бөлімінде барлық азаматтардың жағдайы жайлы жазба сақталады. 2008 жылға дейінгі мәліметтер ақпараттық жүйеге өтпеген. Ақпараттық тексеріс жүргізген кезде олар анықталмайды да, сәйкессіздік береді. АХАЖ бөлімінің мәліметіне сәйкес мынадай жылы туған баласы анықталмады деп шығады. Ол бала бар, 2007 жылы туған деген сияқты. Мұндай жағдайда азаматты өзімізге шақыртып, АХАЖ бөліміне бала жайлы растайтын құжаттарды енгізеді. Сондықтан ол кезектен шығаруға негіз болмайды. 36 мыңнан астам сәйкессіздіктің көбі осы АХАЖ бөлімінде мәліметтердің кемшілігінен болып отыр.

Кезектен шығарылған азаматтар қайта кезекке тұра ала ма?

Әрине, мұқтаждық болған жағдайда, 3 жыл тұрақты тіркеуде тұрса, соңғы 5 жылда атында үй болмаса, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін соңғы 12 айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспаса, қайта кезекке тұра алады.

Мемлекеттен үй алып, оған өзі тұрмай, басқа аадмдарды тұрғызып қоятын жағдайлар анықталып жатыр. Сол кезде үйді бірден алып қоя ма, әлде әуелі ескерту беріле ма?

Мұқтаждық отбасы ретінде үйді алып, оны жалға беріп не туған-туысым еді деп басқа адамдарды отырғызып қоюға болмайды. Мұндай жағдайлар болып жатыр. Былтыр осындай 68 жағдай анықталды. Оларға түсіндіру жұмысын жүргізу нәтижесінде басым көпшілігі өз үйіне келді. Бізде азаматты бірден үйден шығарып жіберу деген мақсат жоқ. Келісімшарт талабына сәйкес пайдалануы керек. Ескертуден кейін де талап орындалмаса, бір жақты келісімді бұзып, азаматқа үйді босату жайлы хабарлама жібереміз. Хабарламадан кейін де үйді босатпаса, сот арқылы үйден шығарамыз. Жоғарыда айтқан 68 үйдің 20 отбасы былтыр үйден шығарылды. Қазір де жұмыс жалғасып жатыр, 2 пәтерді босату бойынша іс-шара атқарылды. Және 7 пәтерді хабарламаны алған соң азаматтар өздері қайтарды. Бұл қайтарылған пәтерлер келесі кезекте тұрған азаматтарға берілді.

Мысалы жастар бағдарламасымен үй алса, оның ішіне өзгеріс енгізуге бола ма?

Үйдің қабырғаларын бұзуға жол берілмейді. Ал кейбір адамдар жуынатын бөлмедегі ванна, қол жуғыш сынды заттарды алмастырғысы келеді. Бірақ балконды, лоджияны келесі бөлмеге қосып жіберуге болмайды. «Есікті алмастырамын» десе азаматтың өз еркі, бірақ мерзімі жетіп пәтерді қайтарған кезде азамат өзі салған есікті алып кеткісі келсе, мемлекеттен берілген есікті қайта орнына қойып кетуі керек.

Үй кезегінде тұрған адам қайтыс болса, кезек сақтала ма?

Азамат кезекте жалғыз өзі тұрған болса, қайтыс болған соң, кезек отбасы құрамына өтпейді. Егер анасымен бірге отбасы құрамы бірге тіркелсе, №73 бапқа сәйкес кезіктілігі сақталады. Отбасы құрамы дегеніміз – кәмелетке толмаған балалар немесе жұбайы. Егер кәмелетке толған балаларының үйі болмайтын болса, онда олармен бірге 5 жыл тұрғаны талап етіледі. Олардың бірге тұруы бір үйде тіркелуімен дәлелденеді. Бірге тіркелмесе, кезек сақталмайды. Қайтыс болған кісі үй алған жағдайда келісімшартта балалар көрсетілсе, ол үй балаларына қалады. Келісімшартта жалғыз өзі көрсетілсе, ол үй қалмайды.

Сатып алу құқығынсыз алынған үй бойынша өзгеріс енгізіле ма?

Қазір ҚР Парламенті Мәжілісінде кезектілік тәртібімен халықтың әлеуметтік осал топтарына, көпбалалы отбасыларға, жетім балалар мен ата-аналардың қамқорлығынсыз қалған азаматтарға берілген пәтерлерде сатып алу құқығын беру талқыланып жатыр. 2019 жылдан бастап, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында барлық кезектегі азаматтарға сатып алу құқығынсыз пәтерлер берілді. Қазір мәжілістегі заң жобасы аясында заңнамадан «сатып алу құқығынсыз» деген сөзді алып жатыр. Қазір талқыланудағы редакцияға сәйкес азаматтарда белгілі бір мерзімнен кейін сатып алу құқығы пайда болады.

Биыл «Қамқор» бағдарламасы жалғаса ма?

Былтыр «Қамқор» бағдарламасына жергілікті бюджеттен 3 млрд теңге бөлінген. 150 отбасын тұрғын үймен қамту көзделген болатын. Биыл бұл сома 8 млрд-қа дейін ұлғайтылады. Оның 5 млрд-ы жергілікті бюджеттен бөлінсе, 3 млрд-ы «Отбасы банк» тарапынан бөлінеді. Және де 400-ден кем емес отбасын үймен қамтимыз деп жоспарлап отырмыз.

Үй кезегінде тұрған адам саны қанша, биыл қанша үй беріледі?

Қазір 49 996 адам үй кезегінде тұр. Оның ішінде ҰОС ардагерлері жоқ. Жетім балалар санаты бойынша 1 908, көпбалалы отбасылар санатында 14 091, халықтың әлеуметтік әлсіз тобы бойынша 17 632, мемлекеттік қызметшілер санаты бойынша 16 313 адам тұр, жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған 22 адам бар. Кезектілік тәртібімен биыл жалдамалы 1000 пәтер, оның 20%-ы яғни 200 пәтер міндетті түрде жетім балаларға берілу керек. 351 пәтер көп балалы отбасыларға, 449 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі.

Бұдан бөлек, 900 пәтер жұмыс істеуші жастарға беріледі. Және де несиелік яғни 2-10-20, 5-10-20 бағдарламалары аясында 2 274 адамды тұрғынүймен қамту көзделіп отыр. Жоғарыда айтқанымдай кемі 400 азаматты тұрғынүймен қамту көзделіп отыр.

Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР