Бүгін Сайрам ауданындағы агроэкономикалық–гуманитарлық колледжінің мәжіліс залында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының кезекті жұмыс жиыны өтті.
Партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаевтың төрағалығымен өткен мәжіліске Түркістан облыстық «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері, Төлеби, Түлкібас, Ордабасы, Сайрам аудандарының әкімдері, Түркістан облысы прокурорының орынбасары, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының бірқатар депутаттары, облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы, облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы, жиында қаралған аудандардың партия филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшылары, жер мәселесі бойынша базынасы бар бірқатар тұрғындар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, өңірлік партия филиалының жауапты қызметкерлері қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде Төлеби, Түлкібас, Ордабасы, Сайрам аудандары әкімдіктерінің «Жер аманаты» жобасы бойынша атқарған жұмыстарының есептері тыңдалып, ауыл-аймақтарда ортақ мақсаттағы жайылымдық жерлердің көлемін арттыру жоспарларының орындалуы қаралды. Сондай-ақ жиын барысында Ордабасы, Сайрам аудандарындағы жекелеген тұрғындардың жерге қатысты шағымдары тыңдалып, оларды қолданыстағы заң тәртібімен шешу жолдары талқыланды.
Жиынның мақсат-міндетін түсіндіріп өткен Полат Мұратұлы, «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының жер ортақ ресурс ретінде барша ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек деген тапсырмасын нақтылы орындау тетігі ретінде «Жер аманаты» жобасын іске асырып жатқанын мәлімдеді. Осы орайда, партия өкілдеріне партиялық жобаны жүзеге асыруды жалғастыру, ауылшаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару және анықтау бойынша жұмыстарды күшейту тапсырылып отырғанын жеткізді. Бүгінгі жиында бірқатар аудан әкімдерінің осы бағыттағы жұмыстары таразыланатынын айтты.
Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша сөз алған Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев аудан әкімдігінің қаулысымен ауданның жалпы жер есебі 306 380,0 гектарды құрайтынын атап өтті. Оның ішінде елді мекендердегі жайылым жерлері мен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылым жерлердің жалпы көлемі 70 042,0 гектар болып отырғанын жеткізді. Мемлекет басышысының халықты ортақ жайылыммен қамтамасыз ету тапсырмасы негізінде 2021 жылы 8708,9 га жайылымдық жер учаскелері ауданның арнайы жер қорына қайтарылса, 2022 жылы ауданның арнайы жер қорына қайтарылған жайылымдық жер учаскелерінің көлемі 8513,2 га. болғанын атап өтті. Ал 2023 жылы 5559,72 га жер учаскелері ауданның арнайы жер қорына қайтарылған болса, елді мекендердегі жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын шалғайдағы жайылымдарға шығару бойынша 4395,17 га жер учаскелері қаралғанын жеткізді. Биылғы жоспар бойынша 2,0 мың га нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай жатқан жер телімдерін халықтың мұқтажына алу жоспарланып, оның бүгінгі таңда 733,43 га жер учаскелері ауданның арнайы жер қорына қайтарылғанын атап өтті.
«Жер аманаты» жобасының орындалуы бойынша есеп берген Түлкібас ауданы әкімінің міндетін атқарушы Марат Жанесен ауданның барлық жер көлемі 227 504 га екенін айтып, оның 148 132 га – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер үлесі екенін жеткізді. Аудандағы жайылым жерлердің көлемі 58 136 га болып отырғанын мәлімдеп, 2023 жылы 6011 га. жайылым жер учаскесі елді мекендердің ортақ жайылымына қайтарылғанын атап өтті. Ал, билығы жылға 1500 га. жайылым жер учаскесін қайтаруға меже қойылып, қазіргі таңда жалпы алаңы 457 га. жайылым жер учаскесі қайтарылғанын жеткізіп, қалған жер учаскелері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.
Осы мәселе бойынша хабарлама жасаған Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев ауданның жалпы жер көлемі 265 561 га екенін, оның 218 108 га – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер құрайтынын атап өтті. Аудандағы жайылымдық жерлердің үлесі 110 619 га болып отырғанын, оның 23 108 га – ортақ жайылымдық жерлер екенін жеткізді. 2023 жылы жалпы ауданы 5791 га жайылымдық жерлер аудандық қорға қайтарылғанын мәлімдеген аудан әкімі, оның 1082 га – сот тәртібімен, 4709 га – келіссөздер нәтижесінде қайтарылғанын атап өтті. Ал, биылғы жылы Ордабасы ауданы бойынша 2500 га жайылымдарды қайтару жоспары қойылғанын мәлімдеп, жыл басынан бері ауданы 379 га жайылымдық жер аудандық қорға қайтарылғанын жеткізді. Сонымен қатар, космомониторинг қорытындысы бойынша 3925 га жайылымдық жерлердің мақсатына сәйкес игерілмегеніне назар аударған аудан басшысы, аталған жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы аудан әкімдігінің қаулысы қабылданғанын жеткізді.
Жайылым жерлердің қайтарылуы бойынша есеп берген Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов 2021 жылы аудан әкімдігінің қаулысымен 5 ауылдық округтегі 2392,7 га жайылымдық жер ауданның арнаулы жер қорына қайтарылғанын айтты. Ал 2022 жылы жалпы көлемі 6166,8 га жайылым жерлері бойынша жер учаскелерін қоршамау, ауыл тұрғындарына мал жаюға кедергі келтірмеу жөнінде жер иелері мен ауылдық округ әкімдері арасында меморандум түзіліп, жоспар артығымен орындалғанын мәлімдеді. Жер қоры бойынша жалпы көлемі 1306,8 га жайылымдық жер учаскелері аудандық жер қорына қайтарылғанын айтты. 2023 жылы аудан бойынша жалпы 4184 га жайылымдық жер қайтарылғанын мәлімдеген аудан әкімі, оның 1942 га – сот тәртібімен қайтарылғанын, 2241 га – жер иелерінің өз еріктерімен мемлекет мұқтажына қайтарғанын атап өтті. Ал 2024 жылға бекітілген жоспар 500 га. болып отырғанын атап өтіп, бүгінгі таңда оның 137 га. мемлекет меншігіне қайтқанын жеткізді.
Аудан әкімдерінің есептерін талдап-таразылаған жиынға қатысушылар, хабарламашыларға жерге қатысты жергілікті тұрғындар көтеріп жатқан мәселелерді көтерді. Қойылған сұрақтар бойынша аудан әкімдері жауап беріп, бірқатар мәселелерді анықтау мәселесін өз бақылауларында ұстайтынын жеткізді.
Жиын барысында Ордабасы ауданы Жеңіс елді мекені тұрғындарының жер мәселесі бойынша шағымы, Сайрам ауданының Сарыарық, Ақарыс елді мекендері тұрғындарының жер пайдалану бойынша даулы мәселелері қаралып, сараланды.
Тұрғындарға жер ресурстарын пайдаланудың қолданыстағы заң тәртіптері түсіндірілді. Азаматтардың көтеріп жатқан мәселелері тиісті мемлекеттік органдардың бақылауына алынып, бұл бағытта алдағы уақытта жүйелі жұмыстар қолға алынатын болады. Тұрғындардың талап-тілектерінің шешім табуына «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері де үлесін қоспақ. Жиында ортақ келісімге келіп, белгіленген жұмыстардың атқарылуын партияның облыстық филиалы өз бақылауында ұстайтын болады.