ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Ол аудандардағы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атқарылған жұмыстармен танысты. Сондай-ақ, осы жобаны жүзеге асыру жөнінде кеңейтілген мәжіліс өткізді.
Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республикада көлемінде алғашқылардың қатарында. Климаттық жағдайы, жұмыс күші жағынан ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қолайлы өңір болып есептеледі. Облыста 1 миллионнан астам тұрғынның әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы есебінен өңірде 30 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 3413 жаңа жұмыс орны құрылып, 75 кооператив ашылды.
Нұрбек Бадырақов, Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
«Жалпы облыста 92800 агроқұрылым немесе жалпы республика бойынша тіркелген агроқұрылымдардың 31 пайызы Түркістан облысында. Агроқұрылымдар ұсақ шаруашылықтар негізінде қалыптасқандықтан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының табысы мен әлеуметтік жағдайының көтерілуіне ықпалын тигізді».
Облысқа ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен келді. Жоба бойынша жауаптылармен кездесіп, мәселелерді талқылады. Өңірдегі ахуалды бақылап, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атқарылған жұмыстармен танысты.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі: «Мемлекет басшысы өз қызметіне кіріскен кезде ауылдарды дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. 80 пайыздан астам тұрғыны ауылдарда тұратын Түркістан облысы үшін бұл бастаманың маңызы зор. «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – біріншіден, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, табысын молайту. Екіншіден, ауылдан жастар ірі мегаполистерге көшіп кетіп жатыр. Соларға жағдай жасап, ауылдарды аман сақтап қалу және көші-қонды реттеу көзделген. Үшіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау және отандық өнім үлесін көбейту. Ауылдағы тұрғындар өнімдерді өзі өндіру арқылы табысын молайтып қана қоймай, елімізді отандық өніммен қамтуға үлес қосады».
«Ауыл аманаты» жобасы аясында облыста 3500-ға дейін жұмыс орны құрылуда. Биыл жобаға 62 ауылдық округтен 62 кооператив қатысады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 2,3 млрд теңге өсімдік шаруашылығындағы, 2,1 млрд теңге мал шаруашылығы саласындағы жобаларға жұмсалады. Сондай-ақ, балық шаруашылығы бойынша 111 жоба қолға алынып отыр. Жалпы 6 бағыт бойынша 1200 жобаға қолдау көрсетіліп, 1701 жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Нәтижесінде АӘК алушылар саны 300 адамға азаяды деп күтілуде.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Жалпы халыққа керек нәрсе. Ұрсамыз, қатты айтамыз, бірақ бұл жеке басымыз үшін керек емес. Өз басымызға болса, 1 млрд жетеді деп отыратын едік. Бірақ, біз, Түркістан облысы болғаннан кейін 2 млн 200 мың халқымыз бар. Бізге басқа өңірге қарағанда 3 есе көп жұмыс істеу керекпіз. Өйткені халқымыз көп».
2023 жылы Республикалық бюджеттен бағдарламаны жүзеге асыруға 19,8 млрд. теңге бөлініп, негізгі 6 бағытты қаржыландыруға басымдылық беріліп, 3256 жоба қаржыландырылған. Жобаға пилоттық түрде 64 ауылдық округі қатысты. Нәтижесінде 3413 жаңа жұмыс орындары құрылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 340 адамға қысқарып, орташа жалақы 20 пайызға ұлғайған.
Ералы Тоғжанов «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру барысындағы оң тәжірибелер мен өзекті мәселелерге тоқталды. Жауапты басқармалар мен ауылдық округ әкімдеріне жобаны талапқа сай жүзеге асыруды тапсырды. Ол тек мал шаруашылығы ғана емес, өзге де салаларға басымдық беру керектігін айтты.