Түркістан: Еліміздің бас хирургы қатерлі ісікке шалдыққан науқасқа күрделі ота жасады

36
фото Отырар.кз

Облыстық ауруханада еліміздегі бас хирургтың қатысуымен күрделі ота жасалды. Ол түске дейін фатер түтігінде пайда болған ісікке операция өткізсе, түстен кейін тағы да бір науқасты ота үстеліне алып, қауіпті ауруға ем шарасын жасады. 

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында 2 бірдей науқастың қатерлі дертіне ота жасалды. Шеберлік сабағы аясында өткен операцияны ҚР бас хирургы Болатбек Баймаханов өткізді. Профессордың сөзінше жасы алпыстан асқан тұрғынның ауруы асқынып кеткен, сондықтан 4 ағзасын алуға тура келген көрінеді.

«Хирургиядағы ең үлкен операция. 4 мүше алынады. Ұйқы безінің 50 пайызы, 12 елі ішек түгел алынады. Асқазанның 2-ден 3-і, аш ішектің басқы жолы, өт жолы алынады. Сондықтан үлкен операция деп есептеледі. Мұндай операциялар бізде, Алматыда күнде жасалады. Енді келешекте осында да күрделі операция жасалады деген ойдамыз», — дейді  ҚР бас хирургы Болат Баймаханов.

Ал түстен кейін дәрігерлер бауыр церрозына шалдыққан 28 жастағы науқастың дертіне ем іздеді. Оның өңештегі варикозды қан тамырларының кеңеюі салдарынан қан асқазанына құйылу қаупі төнген. Тіпті жылына бірнеше рет өңеші қанайтын жағдайға жеткен. Сол себепті ақ халаттылар оған ота жасап, қауіптің алдын алдық дейді.

«Науқастардың жағдайы жақсы. Жансақтау бөліміне ауысуға дайындалып жатыр. Облысымыздағы хирургиялық қызметтің дамуына бұл өте көп көмектеседі. Біздің бас хирург шәкірттерімен осында келіп, дәрігерлерге үлкен сабақ беріп жатыр», — дейді облыстық клиникалық ауруханасының басшысы Жанболат Ділдәбеков.

Шеберлік сабағы аясында Алматыдан келген дәрігерлер бауыр ауруларына шалдыққан тұрғындарға кеңес беріп, ем шараларын ұсынды. Ал өңірде 600-ге тарта аталған дертке душар болған адам бар. Олардың 30 пайызы операциялық жолмен ем шарасын алуға жатады.