Түркістан облысында Кенесары хан оқыған медресе бар

44
фото ТО ӨКҚ

Бүгінде Түркістан облысы, Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында «Шаммат-Ишан» музейі бар. Ғимарат ең алғаш 1789 жылы жергілікті халықтың сауатын ашу мақсатында мешіт-медресе ретінде бой көтерген. Ғалымдардың дерегі бойынша, діни сауат ашу орталығында Кенесары Қасымұлы 1830 жылдары білім алған. Тіпті, онда Абылай ханның бас кеңесшісі болған Бұқар Жырау дәріс бергендігі айтылады.

Осы екі тарихи дерекке орай медресе маңында ескерткіш тақталар қойылған. Сондай-ақ, Қызылжар, Қарағанды, Атбасар қалаларынан 200-ге жуық қазақ балалары келіп білім алған. Олардың қатарында Мұса Байзақұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бар.
Медресенің құрылысы бірнеше кезеңнен тұрады. 1789 жылы — кіші ақсарай, 1876 жылы — үлкен ақсарай салынған. Кіші ақсарайдың астында жерасты ғибадатханасы бар. Жаздың ыстық күнінде сол ғибадатханада құлшылық жасайтын болған. Ал үлкен ақсарай мешіт рөлін атқарумен қатар, шәкірттер алғаш сол жерде сауатын ашқан. Үлкен ақсарай мен кіші ақсарайдың ортасын дәліз бөліп тұр. Үлкен ақсарайдың ішін шығыстық сәулет өнерінің тамаша өрнектерін пайдалана отырып безендірген. 1896 жылы қосымша дәрісханалар салынып, жалпы ғимарат құрылысы толығымен аяқталған.
Медреседе оқу 1917 жылға дейін жалғасқан. Сол жылдан бастап ғимарат жетім балалар үйіне беріліп, 1928 жылға дейін пайдаланылған. Кеңес үкіметі кезінде ғимаратты түрлі мақсатта пайдаланып, 1980 жылға дейін ғимарат қараусыз қалады. Осы кездері Қарнақ ауылының тұрғыны, соғыс ардагері Бекташ Мирзаев ғимараттың басы-қасында болып «Шаммат-Ишан» мешіт-медресесін сақтап қалады.
Ауыл тұрғындарымен бірге асар ұйымдастырып, ғимаратты өз қалпына келтіріп жөндеу жұмыстарын жүргізген. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан соң ғимарат «Мәдени мұра» бағдарламасы еніп, 2005 жылы музейге айналды. Ал 2008 жылы Кентау қалалық музейі МКҚК-ның филиалы болып құрылды. Қазіргі таңда Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиал болып қайта тіркелді.