Түркістан облысында өртке қарсы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

29

Түркістан облысында өртке қарсы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Мамандар, биыл өңірдегі орташа ауа температурасы 40 градусты құрап, өрт қаупі өте жоғары болады деп болжап отыр. Ал, аймақтағы елді-мекендердің өртке қарсы дайындық шаралары қандай?

Биыл Түркістан облысында өрт қаупі өте жоғары. Мамандар, өңірдегі орташа ауа температурасы 40 градусты құрайды деп болжап отыр. Алайда, төтеншеліктер аймақтағы кей аудан, қалаларда өртке қарсы дайындық шараларының ақсап тұрғанын мәлімдеді.

Бекболат Төреқұлов, Түркістан облысы ТЖД бастығының м.а: «Бірқатар мекемелер мен ұйымдардың тапсырманы орындау көрсеткіштері ақсап тұр. Мәселен, Кентау қаласы, Бәйдібек, Сайрам, Созақ, Төлеби, Келес аудандарының әкімдіктері атқарылып жатқан жұмыстарын департаментке хабарламай отыр. Сондай ақ, өрттің алдын алуда өте маңызды болып табылатын минералды жолақ жырту жұмыстары да әлі күнге дейін кейбір аудандарда толық жүргізілмеген»

Облыс аумағында өрт қаупі жоғары кезең басталғалы 1 орман өрті мен 64 дала алқабының жану жағдайы тіркелген. Жауаптылар, дала алқабының жану оқиғалары автокөлік жолдарында жиі тіркеліп жатқанын айтады. Мамандар өрттің шығу себебінің басым бөлігі – қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан болып отыр дейді.

Санжар Бүрлібаев, Жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының басшысы: «Жыл басынан бері, өрт маусымында 431 құрғақ шөптің жану жағдайы тіркелді. Ал 2023 жылы 1 жарты жылдықта 806 жану орын алған. Яғни өткен жылмен салыстырғанда биыл көрсеткіш 52 пайызға төмендеген. Бүгінгі таңда 17 маусымдық өрт сөндіру бекеті өз жұмыстарын атқаруда»

Өртке қарсы қауіпсіздік шаралары өңір басшысы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берілді. Облыс әкімі орман және дала өрттерімен күрес шараларының қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Өрт пен су тасқынына қарсы күрес облысымыз үшін өте өзекті. Сондықтан аудан, қала әкімдері мен тиісті басқармаларға қауіпсіздік шараларын жауапкершілікпен атқаруды тапсырамын. Жолдың жиектерін жыртып, өртке қарсы минералды жолақтар салу жұмысын шұғыл аяқтаңыздар. Екіншіден, өрт қауіпсіздігіне қажетті техника алу, бекеттер салуға қатысты ұсыныстарыңызды беріңіздер. Зерделеп, маңызына қарай қаржы бөлуге тырысамыз»

Түркістан облысы аумағында жалпы 800-ден аса елді мекен орналасқан. Өңірдегі мемлекеттік өрт сөндіру бөлімдері мен маусымдық өрт сөндіру бекеттері бір жарым млн халық тұратын 656 елді мекенді өрттен қорғау үшін тиісті жұмыстар атқарып жатыр. Ал, облыстық мемлекеттік өрт сөндіру бөлімшелері жоқ елді мекендерде 134 ерікті өрт сөндіру құрылымы орналасқан.