Түркістандық тұрғын әлеуметтік желіде артық сөйлеймін деп айыппұл арқалады. Ол Fаcebook парақшасында мектеп директорын жемқор деп атап, басшы болуға лайықты емес деген сипатта, жазба жариялаған.
Желі қолданушысының сөзін негізсіз деп тапқан жәбірленуші ар-намысым мен қадір қасиетіме нұқсан келтірді деп сотқа арызданған. Нәтижесінде айыпталушының кінәсі толық дәлелденіп, оған жарты миллионға жуық айыппұл салынды.
Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі: «Сот қаулысымен құқық бұзушы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 73-3 бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 465 192 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, құқық бұзушының соттан кешірім сұрауын, жас отбасы екенін және жүктілігін ескеріп, ӘҚБтК-нің 829-11-бабы 2-бөлігіне сәйкес, салынатын әкімшілік айыппұл сомасын 30%-ға қысқартқан. Негізі аталған баппен салынатын әкімшілік айыппұл мөлшері 180 АЕК, яғни 664 560 теңге айыппұл мөлшерін құрайтын»