Түрмеге дрон арқылы есірткі мен телефон кіргізбек болған

фото Отырар.кз

 

«Шымкенттегі №53 мекемеде заңсыздықтар орын алып жатыр». Осылай деп шағымданған жазасын өтеушілердің туыстары мекеме қызметкерлері бауырларын көрсетпей отырғанын айтады. Сөздерінше, сотталғандар аштық жариялаған, Бақдәулет Мәулен есімді жазасын өтеушіні жазалау камерасына қамаған.

Набира Айдарбекова Шымкенттегі №53 мекемеде жазасын өтеп жатқан бауыры Бақдәулет Мәуленнің денсаулығы үшін алаңдап отыр. Сотты болған азаматтың туыстарына мамырдың 6-сы күні мекеме қызметкерлері хабарласып, Бақдәулетті жазалау камерасына алып кеткенін айтыпты. Ал жақындары түрмедегі туысының амандығына көз жеткізейін десе, мекеме қызметкерлері кездесуге мүмкіндік бермей отырған көрінеді.

«Бізге 6 мамыр күні хабар келді, «Балаларыңызды жазалау камерасына алып кетті» деп. 7-сі мейрам болды, 10-ы күні келдік. Бастығы «еш жерге шағымданбаңыздар, өзім шешем мәселелеріңізді, балаларыңызбен жолығасыздар» деп шығарып салды.  15 мамыр өзінің туған күні еді, сол туған күнінде бір көрсететін шығар, 7 күндік мерзімі бітті ғой. 15-не дейін күттік, әліптің артын бағып, сойқан болып жатса, араласпай-ақ қояйық деп. Келсек, 7 күннен кейін көрсетемін деген едіңіз десек, жоқ «мен оныкін ары қарай 10 күнге созып жібердім» дейді. Ал он күннен кейін ары қарай 9 айға кетеді», дейді  жазасын өтеушінің әпкесі Нәбира Айдарбекова.

Ал Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы Ермек Жалғасбаев жазасын өтеушінің бұл мекемеге келгелі 4 рет ішкі тәртіпті бұзып, жаза алғанын айтады. Сөзінше 2023 жылдың қазанында Қарағандыдан №53 мекмеге ауыстырылған Бақдәулет Мәулен 19 рет тәртіптік жазаға тартылған, бірде бір рет марапатталмаған. Енді қылмыстық атқару кодексінің 130-бабында көзделген іс-әрекеттерді жасағаны үшін, 9 ай көлемінде қатаң ұстау жағдайында камералық типте жазасын өтейді. Сәйкесінше, туыстарымен кездесу мүмкіндігі де азаятын көрінеді.

«Бірінші, жасақты тастап кеткені үшін, әртүрлі себептермен тәртіптік жазаға тартылған. Ал тәртіптік изоляторға жабылған себебі – жасақтан-жасаққа қосалқы жауып тұрған қақпадан секіріп өткені үшін, ол ішкі тәртіп ережесін бұзу боп саналады. Сол себепті мекеме бастығының қаулысымен тәртіптік изоляторға жабылған. Сотталған сол жерде отырып, өзіне дене жарақатын салған жеңіл түрде, медициналық көмек қажет етпейтін, жырым салған. Ол бойынша да тәртіптік шара көріліп, қазіргі таңда «қатаң ұстау жағдайына» ауыстырылды», – деді Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының м.а. Ермек Жалғасбаев.

Бақдәулет Мәулен 4 рет сотты болған. 2018 жылы алғаш рет денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабымен сотталса, одан кейін үш рет ұрлық жасағаны үшін темір торға тоғытылыпты. Мамандар айтқан ақпарға сүйенсек, жаза өтеу барысында ол, Леңгір қаласындағы №55 мекемеде қызметкерге қол көтерген.

Ермек Жалғасбаев ютуб әлеуметтік желісінде «№53 мекемедегі заңсыздық» атауымен жарияланған бейнежазбаға қатысты да пікір білдірді. Сондай-ақ, сотталғандардың туыстары айтқан аштық жариялау туралы әңгімені жоққа шығарды. Айтуынша, мекемеде ас ішуден бас тарту немесе аш қалу деген деректер тіркелмеген. Бұл бағытта тексеру жүргізіліпті. Ал азық-түлік жетіспеушілігі бойынша арыз-шағым түспеген.

Тыйым салынған заттарды кіргізу амалын жасау фактісі бойынша 2023 жылы 19 дерек тіркеліп, тыйым салынған заттарды кіргізбек болған 22 адам құрықталған. Биыл тыйым салынған ұялы телефон, есірткі секілді тағы да басқа заңсыз заттарды мекеме ішіне лақтыру бойынша 4 дерек тіркелген. Олар дереу ұсталып, полицияға өткізіліп, шара көрілген. Мамандар тіпті дрон арқылы тыйым салынған заттарды мекемеге кіргізбек болған жағдайлар тіркелгенін айтады.

Әлеуметтік желіге жарияланған бейнежазбаға байланысты департамент тарапынан қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Сотталғандар арасында тыйым салынған заттарды пайдалану дерегі бойынша да тәртіптік жаза көріледі. Департамент бастығынің міндетін атқарушы мұндай жағдайға жол берген қызметкерлер де жазаланатынын жеткізді.