№2 қалалық емхана сенімгерлік басқарудан қайтарылды

41
Фото: Отырар.кз

№2 қалалық емхана сенімгерлік басқарудан қайтарылды. 2021 жылы емхана шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны «AUHAL» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға 15 жыл мерзімге берілген. Шарт талаптарына сәйкес серіктестік нысанға 500 млн. теңге инвестициялауға міндеттеме алған. Алайда, тексеру барысында нысанды басқаруда айтарлықтай бұзушылықтар анықталыпты. 

2021 жылы «AUHAL» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға 15 жыл мерзімге берілген №2 қалалық емхана қайтарылды. Шарт талаптарына сәйкес серіктестік нысанға 500 млн. теңге инвестициялауға міндетті болған. Ол қаржы ғимаратты қайта жабдықтауға, халыққа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету үшін қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталуы керек еді.

Алайда, серіктестік осы уақытқа дейін өз міндетін орындамаған болып шықты. Мамандар, №2 емханаға қатысты тұрғындар тарапынан арыз шағымның өте көп болғанын айтады.

Нұрлыбек Асылбеков, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «№2 емханаға қатысты арыз-шағым көп болды. Медициналық жабдықтың ескіруі, оның жаңартылмағандығы, сол ғимараттың тозығы жетуі, ғимаратқа тиісті жөндеу жүргізілмеген. Біздің тарапымыздан қаржы басқармасына ұсыныс берілді. Қаржы басқармасы сотқа шағым тастап, сол арқылы қайтты. Денсаулық сақтау басқармасы неге себепші болды десеңіз – ең бастысы халыққа көрсетілетін қызмет. Рентген аппараты, УЗИ аппараты ескі болып жұмыс істемегеннен кейін толыққанды қамтамасыз ету мүмкін емес».

Бұзушылықтар анықталған соң, кала әкімінің тапсырмасы бойынша талаптардың орындалуына бақылау жүргізу мақсатында құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылып, тексеру жүргізіліп, нысанды басқаруда бірқатар бұзушылықтар анықталған. Содан кейін жауапты басқарма сенімгер басқарушыға анықталған бұзушылықтарды жою қажеттілігі туралы хат жолдайды. Алайда, ұйым тарапынан орын алған кемшіліктерді жою туралы мақсатында ешқандай шара қабылданбапты.

Ердәулет Бекмұрат, Шымкент қаласы қаржы басқармасының мүліктік жалдау, сенімгерлік басқару және жекешелендіру бөлімінің бас маманы: «Шарт талаптарына сәйкес серіктестік бұл нысанға 500 млн. теңге инвестиция салу керек болатын. Бұл инвестициялар нысанның жаңадан құрылыстарына және қажетті құрал-жабдықтарды алуға бағытталуы керек болған. Жұмыс тобы айтарлықтай бұзушылықтар тапқан. Сенімгерлік басқарушыға анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында хат жолданған. Алайда сенімгерлік басқарушы ешқандай бұзушылықтарды жоймаған. Сондықтан қала әкімдігі сотқа сенімгерлік басқару шартын бұзу бойынша талап-арыз жолданған».

Шымкент қалалық мамандандырылған экономикалық соты арызды қанағаттандырып, сенімгерлік басқару шарты бұзылды. Қазіргі таңда қабылдау-өткізу актісі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, Шымкент қаласында үш емхана сенімгерлік басқаруға берілген, оның екеуі мемлекет меншігіне қайтарылды.