Адам саудасына қарсы күрес күніне орай арнайы акция өтті. Онда қала жастары мен полиция қызметкерлері бірлесіп, тұрғындарға құқықтық кеңес берді.
Күнгей өңірде адам саудасына қарсы күрес күніне орай арнайы акция өткізді. Тұрғындардың қауіпсіз өмірі мен денсаулығына бей-жай қарамаған жастар науқанға атсалысып, түсіндіру жұмысын жүргізді.
«Шараның мақсаты — жастардың, тұрғындардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, адам саудасының алдын алу», — дейді Түркістан облысы жастар орталығының маманы Ақтөре Қайрат.
Жергілікті құқық қорғау органдары көбіне азаматтар жаңа туған баланы саудалауға тырысатынын айтады. Сонымен қатар, ерекше күтімді қажет ететін тұрғындардың жағдайын пайдаланып, жұмысқа жегетін жайттар анықталған. Мұндай оқиғаларды болдырмас үшін түсіндіру жұмысын жүргізіп жатырмыз дейді жауаптылар.
«Бірнеше қылмыстық істер әшкереленген және тергелуде. Қазіргі таңда жасөспірім балаларды, жаңадан туған балаларды сату деректері де тіркеліп жатыр. Осы бойынша әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықтарға да қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне келіп түскен нұсқаулықтарға сәйкес өзгертулер мен толықтырулар енгізілген. Сол бойынша халыққа Түркістан облысы бойынша қазіргі жарнамалар, хабарламалар түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», — дейді ТО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы Бақдәулет Қадырбекұлы.
Шара аясында ұйымдастырушылар түркістандықтарға құқықтық кеңес берді. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері қаланың бірнеше жерінде үндеу жариялап, 1000-нан астам жаднама таратты.