Апатты жағдайда тұрған фосфоршылар сарайының тағдыры шешілді

15
Фото: Отырар.кз
Фото: Отырар.кз

Фосфоршылар сарайының тағдыры шешілді. Бұрынғы мәдени ошақ толық сүріліп, қайта салынады. Ұзақ уақыт жүргізілген сараптама нәтижесі шығып, осындай шешім қабылданды. 

Фосфоршылар сарайы толық сүріліп, қайта салынады. Бұл шешім сараптама нәтижесі анықталған соң қабылданып отыр. Себебі, апатты ғимарат қайта өңдеуге мүлдем жарамайды. 2023 жылдың қараша айында коммуналдық меншікке өткеннен кейін сарапшы мамандар сарайдың жай-күйін сараптай келе, оны нысанды келтіру мүмкін еместігіне көз жеткізген.

«Экспертиза шешімі шықты. Бұл орталықты сүру туралы шешім қабылданды. Толығымен сүрілетін болады. Себебі, бұл ғимарат 10 жылдай иесі болса да қараусыз қалған. Және бұл жерге қоршау қойылмаған. Сондықтан бұл вандалдардың түрлі құнды заттарды алып кетуіне алып келді. Сондай-ақ, негізгі қабырғалардың арматураларын алып кетуге дейін барған. Сол себепті қайта қалпына келтіру мүмкін болмай тұр. Сондықтан да сүрілу шешімі қабылданды», — деп мәлімдеді Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының м.а. Әйгерім Жұмағұлова.

Мәдени орталықтың сыртқы келбеті сақтала отырып, жаңа, қауіпсіз, сейсмотұрақты ғимарат бой көтереді. Онда кітапхана, шеберханалар, музыкалық,лекциялық залдар, коворкинг орталығы болады. Ал апатты деп танылған нысанды сүру жұмыстары қыркүйек айында басталады.

«Керемет сарай болатынына сенемін! Сырты бұрынғыдай болады екен, оған кішкене қазақша оюлар қосуларың керек. Біз тек қана квадрат соғып қоймауымыз керек, біз ұлттық намысымызды қолдауымыз керек», — дейді жанашыр қария, Шымкент қаласының құрметті азаматы Өркен Әбдреев.

«Фосфоршылар» мәдениет сарайының ғимараты 1975 жылы тұрғызылған. Ескі ғимаратта өткен жылы қайғылы оқиға орын алып, жас бозбала қиранды астында қалып қайтыс болған еді. Жаңа ғимараттың құрылысымен «Сәби» қайырымдылық қоры айналысады. Жұмыс ескі ғимарат бұзылғаннан кейін басталады деп жоспарлануда.

«Негізгі қорлардың қирауымен байланысты төтенше жағдайлар саны соңғы бес жылда 7 фактісі тіркелген. Соңғы орын алған жайт 2023 жылдың желтоқсан айында болған. Ғимараттың ішіне кіріп, қирау салдарынан 2 адам сыртқа шығып үлгерген, бір адам жазатайым болып, орында қайтыс болды. Қазіргі тұрған қалпында бұл қауіпті. Қала аумағында 107 ғимарат апатты деп танылған. Аталған ғимараттың барлығы есепте», — Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары Еркін Отарғалымұлы.

Мәдени орталықтың аумағында саябақ салынады. Аймақ абаттандырылып қана қоймай, балалар, спорт алаңшалары, субұрқақ салынып, нағыз демалыс орнына айналады. Құрылыс жұмыстары толықтай демеушілер тарапынан жүргізіледі.