Бәйдібек ауданында «Ауыл – ел бесігі» аясында 1,7 млрд теңгеге 24 жоба жүзеге асты

17
фото: ТО әкімінің баспасөз қызметі

Бәйдібек ауданындағы пайдалы қазбаларды зерттеп, соған сай жаңа өндіріс орындарын ашу керек. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірісті дамыту маңызды. Бұл туралы облыс әкімінің Бәйдібек ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтылды. Аудан әкімінің есебі тыңдалып, алдағы жоспар айқындалды. 

Бәйдібек ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі соңғы 3 жылда 29 пайызға өсіп, былтыр 61 млрд теңгені құрады. Биыл 5 айда 15 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 14,7 пайызға өскен. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 27 млрд. теңгені құрап отыр. 2024-2025 жылдары шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жалпы құны 24,9 млрд. теңгені құрайтын 12 жобаны іске асыру арқылы 254 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Біз мемлекеттік бюджет есебінен инфрақұрылымды жақсартамыз. Бірақ әр ауднның өзіндік табысы, кірісі молаюы керек. Ол үшін өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту аса маңызды. Ауданның әлеуеті өте жоғары. Ізденіс, талпыныс, ниет қажет. Мемлекет басшысы өндірісті дамыту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізуді тапсырды. Осыған орай өңірімізде су үнемдеу технологияларын шығаратын зауыттар ашылып жатыр. Бұл жұмыстар Бәйдібекте де жандануы тиіс».

Ауданда өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы 1,7 млрд теңге бөлініп, 10 елдімекенде 24 жоба іске асты. Жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар салынды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 1,3 млрд. теңгеге 199 жоба қаржыландырылды.

Биыл 5 айда ауданның өзіндік кірістері 1.2 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 49 пайызға артқан. Жалпы ауданда түсті металл мен құрылыс материалдарының қоры анықталған. Осыларды игеру үшін тиісті ұсыныстар берілуде.