Биыл Тұран ауданында қанша балалар алаңшасы салынады?

604
фото Отырар.кз

Шымкент қаласының Тұран ауданының биылғы бюджеті қанша? Халық қатысатын бюджет жобасы ауданда қалай жүзеге асып жатыр? Осы және тағы басқа сұрақтарға Шымкент қаласы Тұран ауданы әкімінің орынбасары Аманжол Бекбол жауап берді.

Биыл аудан бюджеті қанша теңге болды?

Өздеріңіз білесіздер, Тұран ауданы 2023 жылда құрылды. Содан бері бөлек аудан ретінде қызметін жүргізіп келеді. Биыл аудан бюджеті 5,2 млрд. теңгеге жетті. Соның 341 миллион теңгесі әкімдік аппаратын ұстау, қызметкерлер жалақысы және қажет құрал-жабдықтарды алуға қаралған. Ал 2,7 млрд. теңге ауданды абаттандыру әрі көріктендіру жұмысына қаралған. Яғни, балалар ойын алаңшасын, спорт алаңшасын және аяқ жол салу жоспарланып отыр. Былтырдан бастап, әр ауданда коммуналдық мемлекеттік мекемелер ашылған. Біздің «Тұран» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ауданымыздың ішкі орам көшелерін тазалау және абаттандыру жұмысын іске асырады. Осы жұмысты істейтін мамандардың жалақысы, сонымен бірге қажет техникаларды сатып алу жоспарланған. Бұған дейін бізде тазалық жұмыстарын екі мекеме атқарған. Орталық көшелерді басқа мекеме, ал ішкі орам көшелері көп қабатты тұрғынүйлердің ауласын тазалау жұмыстарын басқа мекеме жүзеге асырған болатын. Бұл үшін мемлекеттен жылда ірі көлемде қаржы бөлінетін. Ал енді бұл жұмысты әр ауданның жеке коммуналдық мекемесі жүзеге асырады. Қазір сол жерде жұмыс істейтін қызметкерлер жалақысы мен материалдық базаны нығайту мақсатында ғана қаржы бөлінеді.

Тұран ауданындағы инфрақұрылым мәселелеріне тоқталсаңыз, қандай жұмыс атқарылып жатыр?

Тұран ауданы 21 шағынауданнан тұрады. Бізде 544 көпқабатты тұрғын үй бар. Ал халық саны 220 мың адамнан асты. Тұран ауданы ауыз сумен 90,5%-ға қамтылған. Ауданымызға қарасты Құрсай шағынауданы мен Айкөл елдімекеніне ауыз су жеткізсек, бұл мәселе 100%-ға шешілмек. Қазір Құрсай шағынауданында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс біршама жылға созылды. Биыл Энергетика және инфрақұрылымды дамыту құрылыс жұмысын аяқтауды жоспарлап отыр. Ауданымыз табиғи газбен 85,7%-бен қамтылған. Енді Жаңаталаптың Жаңа құрылыс аумағы, Құрсай шағынауданының Жаңа құрылыс аумағы, Айкөл шағынауданының Жаңа құрылыс аумағы қалып тұр. Қазір бұл жердің бәріне мемлекеттік-сметалық құжаттама әзірленіп, 2024 жылы мемлекеттік сараптамалық қорытындысын алып, құрылысын бастау жоспарға қойылып отыр. Енді электр жарығы ауданымызда 95,2%-ға қамтылған. Құрсай шағынауданындағы Жаңа құрылыс аумағын ғана іске асыру қажет. Бұл жұмыстың да құрылысы биыл басталады деп жоспарлап отырмыз.

Ауданда биыл 200-ден астам көше жарықтандырылады. Біз аудандағы жарықтандырылмаған және жарықтандыруды қажет ететін көше тізімін жасадық. Қазір қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар басқармасы тарапынан анықталған мердігер мекеме жұмысын бастап кетті. Ал ауданымызда 41 көше, яғни 23,5 шақырым жолға асфальт төсеу жоспарланған. Соның ішінде Жаңаталап елдімекенінде 5 көше, Арғымақ елдімекенінде 4 көше, Ақжар елдімекенінде 4 көше, Қарасуда 11 көше, Құрсай елдімекенінде 12 көше, Наурыз шағынауданында 4, Қазығұрт шағынауданында 1 көшені аяфальттау жоспарланып отыр. Тұран ауданы кәріз жүйесімен 57% қамтылған. Кәріз жүйесін жүргізу көп қаражатты қажет етеді. Қазір Түркістан шағынауданында құрылыс басталды. Содан кейін Қазыбек би көшесінде құрылыс бастау жоспарға қойылған.

Биыл Тұран ауданында қанша балалар ойын алаңшасын салу жоспарда бар?

Биыл біздің ауданда 40 нысан салу жоспарланып отыр. Оның 30-ы балалар ойын алаңшасы, 2-і ашық спорт алаңшасы болмақ. Ал қалған 8-і кешенді нысан болмақ. Бұл дегеніміз – балалар ойын алңшасы мен спорт алаңшасы бірлескен болады. Қазір 14 нысанның құрылысы басталды. Қалғанына мемлекеттік сатып алу конкурсы болып жатыр. Балалар алаңшасына салуға демеушілер де бар. Биыл 2 нысанның құрылысын демеушілер арқылы салдық. Соның бірі – бұрынғы балалар теміржолының орнына жүгіруге және жүруге арналған аяқ жол салынды. Соның бойында жаттығуға арналған құралдарды демеушілер есебінін орнаттық. Айқап шағынауданында №62 мектеп жанынан демеушілер есебінен балалар ойын алаңшасын салдық.

Халық қатысатын бюджет жайлы түсіндірсеңіз, қалай дауыс беруге болады?

Тұран ауданы әкімдігінің ресми сайты бар. Сайтта халық қатысатын бюджет деген жоба бар. Азамат сонда кіріп, идеясын ұсынуына болады. Сол идеяға 50 адам дауыс берсе, ол жоба іске асырылады. Бұрын 10 адам дауыс беруге болатын. Қазір заңға өзгеріс енгізіліп, кемі 50 дауыс жинауы қажет деп бекітті.

Қаладағы 5 ауданға ортақ бір мәселе, бұл – қоқыс мәселесі. Тозығы жеткен қоқыс жәшігін ауыстырып жатыр ма?

Дұрыс айтасыз, қоқыс мәселесін біздегі ең өзекті мәселенің бірі деуге болады. Мемлекет басшысының өзі «Таза Қазақстан» акциясын жариялады. Тұран ауданында 597 көше болса, 96-сын арнайы мекеме тазаласа, қалған 501 көшенің тазалығына жоғарыда айтқан коммуналдық мекеме қарайды. Енді осы көшеден бөлек 300-ден астам ауламыз бар. Осы аулалардың тазалығымен де коммуналдық мемлекеттік мекеме айналысады. Осы тазалық акциясына әрбір тұрғын бей-жай қарамай, атсалысса жақсы болар еді. Себебі тазалық деген әр адамның өзінен басталады. «Таза Қазақстан» акциясы жарияланғалы ауданда 20-ға жуық сенбілік өтті. Қоқыстағы өзекті мәселе – тұрғындар қоқыс тастайтын орынға ескірген жиһаздарын, құрылыс заттарының қалдығын тастайды. Негізі заң бойынша қоқыс контейнеріне сондай заттарды тастамау керек. Мұндай заттарды арнайы машина жалдап, қоқыс полигондаорына апарып тастауы керек. Қоқыс таситын көлік мұндай заттарды тасуға арналмаған. Қазір осы мәселені қолға алып, барлық жерде рейдтік іс-шара жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде 3 мыңға жуық тұрғынға айыппұл салынды. Әрине, бірден айыппұл салынбайды. Алдымен оларға ескерту беріледі. Екінші рет қайталанған жағдайда айыппұл салынады.

Былтыр 375 қоқыс контейнерін жаңартқан болатынбыз. Ал биыл 260 контейнерін алмастыруды жоспарлап отырмыз. Және де жол бойында тұратын 1170 қоқыс жәшігін жаңартып жатырмыз. Қазір орталық көшелерге қойылып бастады. 700-ге жуық жәшік қойылды. 3 мың қоқыс жәшігін жаңарту жоспарымыз бар.

Биыл Тұран ауданында қанша гүлзар салынады?

Демеушілер есебінен Бейбітшілік пен Желтоқсан көшесінің қиылысында аналар аллеясы салынды. Бұл ауданымыздың көрікті жерінің біріне айналды. Және де аудан бойынша былтыр 13 жерге таза ауыз су фонтандары қойылған болатын. Қазір ішіндегі фильтрлерін ауыстырып, пайдалануға беріп жатырмыз.

Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР