Биыл Түркістан облысында 534 мың тонна дән жинау жоспарлануда

11

Түркістан облысы республикада алғашқы болып астық ору науқанын бастады. Биыл 534 мың тонна дән жинау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, биыл 3,1 млн. тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналады деп күтілуде. Жарты жылда 11,2 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. 

Түркістан облысында 88,3 мың тонна тыңайтқыш құнын субсидиялауға облыстық бюджеттен 7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Сатып алынған отандық тыңайтқыштар құнының 60%-ы, шетелдік тыңайтқыштардың 50%-ы субсидиялануда.

Шаруалар жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Тұқым шаруашылығы қолдауға облыстық бюджеттен 600 млн. теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге 122 млн. теңгеге мақта, жүгері тұқымдары субсидияланды.

Өңірде биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 873 мың гектар аумаққа егілді. Оның ішінде жаздық дақылдар – 497 мың, күздік егіс – 202 мың, ескі жоңышқа 175 мың гектарға егілген.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өткен аптада Қазығұрт ауданына барып, осы саладағы жұмыстарды бақылады. «Қазығұрт Агро» ЖШС-нің егіс алқабын аралап, бидай ору барысын көрді. Мекемеде 483 гектар жердің 350 гектарына бидай егілсе, қалғанына өзге өсімдіктер егілген. 4 адам тұрақты, 10 адам маусымдық жұмыспен қамтылған.

Облыстың климаттық ерекшелігіне орай, республикада алғашқы болып 282 мың гектарға егілген астықты ору науқаны басталды. Гектар түсімділігі 19 центнер болып, 534 мың тонна дән жинау күтіліп отыр.

Жоспарланған егіс көлемінің 39 мың гектары орылып, 80,0 мың тонна астық қамбаға құйылды. Жалпы Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 29,7 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлініп, 12,6 мың тонна дизель отыны тауар өндірушілерге босатылды.